Осыған байланысты Caravan.kz медиа порталының тілшісі "КешYOU" тобының экс-әншісі, актриса Ақбота Нұр-Сейтмағамбеттен сұхбат алды.
Әнші сұхбат барысында карантиннің отбасына өте пайдалы екенін айтты.
— Балаларыңызға карантиннің не екенін түсіндіре алдыңыз ба?
— Оны түсіндіру оларға қиын, олар түсінбейді. Дегенмен, балаларыма әзірге балабақшаға бармайтындарын айттым. Біз жер үйде тұрамыз, сондықтан күнде аулада ойнайды.
— Карантинге дейін балаларыңызға қаншалықты көп көңіл бөлетін едіңіз?
— Біз Дәурен екеуміз шығармашылықтың адамымыз. Түсірілім, концерт дегендер көп болады. Кейде үйде 3-4 күнге дейін болмай жатамыз. Осы жағдайда карантин бізге өте пайдалы болып жатыр. Сол себепті балаларымыздың қасында қазір 24 сағат біргеміз. Карантин кезінде уақыттарын жақсылап өтулері үшін барымызды салудамыз. Әріптерді, сандарды үйренеміз.
— Карантин кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
— Біз отбасымызбен әр жағдайды жақсы жағынан көруге тырысамыз. Мысалы, мен қазір әртүрлі тағамдарды жасауды үйрену үстіндемін. Карантин оразамен сәйкес келіп қалды сол себепті ауыз ашарды дәмді тағамдарды пісіруге тырысамын. Қайынсіңлілерім көмектеседі, аптасына 2-3 рет үй жинаймыз, тіпті бұрын көрмеген жерлерді де тазалап жатырмыз. Карантин болсын, болмасын әйел адам үшін жұмыс ешқашан бітпейді. Балаларға қараймыз, жуындырамыз, тамақ жасаймыз, киім жуамыз, үй жинаймыз және т.б. Карантин кезінде "ішім пысты", — дейтіндерді түсінбеймін. "Әйелдің 40 жаны бар", — деп бекер айтылмаған. Біз әрдайым мықты болуымыз керек.
— Карантин аяқталғанда не істемек ойыңыз бар?
— Түсірілімдерді аяқтап, саяхаттағым келеді. Қазақстанның түкпір, түкпіріне барып, шетелге қыдырғым келеді. Әндер жазып, блогерлікпен әрі спортпен айналысқым келеді. Киноға түсіп, қайырымдылықпен айналысып әрі балаларыма той жасағым келеді.