Бауыржан Байбек Мақтааралда су басқан ауылдардың тұрғындарымен кездесті - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бауыржан Байбек Мақтааралда су басқан ауылдардың тұрғындарымен кездесті

Бауыржан Байбек Мақтааралда су басқан ауылдардың тұрғындарымен кездесті

Елбасы, партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысының Мақтаарал ауданына арнайы келіп, апат ауқымын өз көзімен көріп шықты.

  • 14 Мамыр 2020
  • 80
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады. 

Сапар барысында ол көршілес Өзбекстандағы су бөгетінің жарылуы салдарынан су астында қалған Достық, Жеңіс, Фирдоуси, Жаңатұрмыс және Өргебас ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Мұнда төтенше жағдайдың кесірінен мыңнан астам үй бұзылып, 8 мың гектар егіс алқабын су басқан.

«Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Мақтарал жұртының басына түскен қиындық елге ортақ. Ең бастысы, бас аман болсын. Қазір мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар толықтай қайта жөндеуден өткен немесе жаңа салынған үйлермен қамтамасыз етіледі. Су басқан аймақтағы әрбір адам республика бюджетінен 100 мың теңгеден ақша алады. Әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге 14 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді.

Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау білдірген қазақстандық кәсіпкерлер де 5 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ортақ іске «Nur Otan» партиясы да қызу атсалысуда. Нұротандықтар Мақтааралдағы халыққа қазірдің өзінде 920 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді, оның ішінде азық-түлік, гигиеналық құралдар, киім-кешек, төсек-орын мен құрылыс жабдықтары бар» — деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, Елбасының бастамасы бойынша Тұңғыш Президент Қоры мен «Nur Otan» партиясы құрған «Birgemiz» қоры да қосымша көмек көрсетеді.

«Қордың Қамқоршылық кеңесі Мырзакент елді мекеніне 20 үй тұрғызу үшін 340 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Осылайша Достық ауылы тұрғындарының баспана мәселесі толықтай шешілетін болады. Облыс әкімі Ө.Шөкеевпен бірге бөлінген жерді қарап, тұрғындармен және құрылысшылармен кездестім. Бұл жерде саман үйлердің орнына газоблоктан 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады. Жұмыс сапасы авторлық және техникалық бақылау саласындағы мамандардың қатысуымен, ерекше партиялық бақылауда болады», — деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Сонымен қатар, жетекші партия Төрағасының бірінші орынбасары Атакент ауылында волонтерлармен кездесіп, жастарға осындай қиын кезеңде елмен бірге болып, өз еріктерімен жанкешті еңбек етіп жүргендері үшін алғысын білдірді.


«Өткен жылы 700-ден астам жасотандық бірнеше ай бойы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысқан болатын. Бүгін де «Nur Otan» партиясы жастар қанатының мүшелері мен белсенділері мақтааралдықтарға көмектесіп жатыр. Олар өздерінің нақты істерімен отаншылдықтың, ұйымшылдық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп жүр. Міне, дәл осындай жауапкершілігі мол жаңа буынның өкілдері алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларында «Nur Otan» партиясының тізімінде болуы керек. Еліміздің болашағы – осындай жастар!», — деді ол.

Мақтаарал ауданына сапар барысында Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімімен бірге жедел штаб отырысын өткізді. Мұнда бірқатар өзекті мәселелерді, оның ішінде инфрақұрылымдарды сапалы түрде қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолдау көрсету және тағы да басқа мәселелер талқыланды.