Қазақстанда енді некені тіркеуге QR-код арқылы өтініш беруге болады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Айтуынша, қазір техник мамандар QR-код көмегімен алуға болатын қызметтерді осы айда іске қосу үшін жұмыс істеп жатыр.
Бұл қызметтердің қатарында:
- некені тіркеу;
- баланың туғанын тіркеу;
- баланы балабақша кезегіне қою;
- заңды тұлғаны ашу;
- салық есептілігін (250 форма) қабылдау бар.
"Осы қызметтерді компьютерде алған кезде, электронды сандық қолтаңбамен қол қою орнына, QR-кодты сканерлеп, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті алуға сұрау жіберу жеткілікті. Электронды сандық қолтаңбаны қолдану үшін компьютерге қосымша бағдарлама орнатудың да қажеті жоқ", — деді Жұмағалиев.
eGov.kz порталында осы қызметтерді алған кезде, азамат "QR-code арқылы қол қою" функциясын таңдайды.
Осыдан кейін eGovMobile қосымшасының көмегімен мониторда пайда болған кодты сканерлейді.
Кейбір қызметтер үшін QR-код арқылы қол қою мүмкіндігі осы айдың соңына дейін жүзеге асады.
Болашақта бұл қызметтер тізімі кеңейе түспек.
eGov mobile қосымшасын App Store және PlayMarket платформаларынан жүктеуге болады.