ҰБТ кезінде талапкерлерге өзімен бірге калькулятор алып келуге болмайды. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
"Жалпы, калькулятор тыйым салынған заттарға жатады. Оны әкелуге болмайды. Әрбір аудиторияда калькулятор орнатылады. Соның көмегімен қосу, алу және көбейту сияқты қарапайым арифметикалық мысалдарды шешуге болады. Осылайша, балаларға қосымша бонус беріліп отыр", — деді Смағұлов онлайн брифингте.
Оның айтуынша, калькулятор қолдануға рұқсат берерден бұрын мамандар тест тапсырмаларын ғана емес, әлемдік тәжірибені де зерделеп шыққан. Сол кезде калькулятордың көмегімен нақты бір сұраққа жауап табуға болмайды деген шешімге шығарылыпты. Ондай құрылғы тек уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
"Калькуляторда формула, теорема, физика заңдары немесе химия реакциялары сақталмаған. Оны сұраққа тез жауап беру үшін ғана қолдануға болады. Біз осыны министрге жеткіздік. Ол калькуляторды пайдалануға рұқсат берді", — деп атап өтті Смағұлов.
Айта кетейік, биыл ұлттық бірыңғай тестілеудің уақыты 10 минутқа ұзартылды. Ал тыйым салынған заттарға қатысты қатаң тәртіп бар. Талапкерлерден тыйым салынған заттар табылған жағдайда немесе бейнежазбаның сараптамасын қарау кезінде тәртіп бұзушылық анықталса, ҰБТ нәтижесі, сондай-ақ білім беру гранты жойылады.