Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылы ҰБТ жексенбіде басталады.
"Биыл ҰБТ-ның алғашқы күні 21 маусымға, жексенбіге түсіп отыр. Бірінші күні тек 6,5 мың талапкер емтихан тапсырады, бұл тестілеудегі ең аз ағындардың бірі. ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана жұмыс істейді. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Орташа есеппен 1 ҰБТ тапсыру пунктіне 120 адамнан келеді", — делінген хабарламада.
21 маусым мен 5 шілде аралығында тестілеу тапсырылатын ағындардың жалпы саны — 15.
ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық сипаттағы күшейтілген шаралар қабылданады:
- дезинфекциялық тоннельден өту,
- арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру,
- дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу,
- медициналық маскалар беру.
Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тест тапсырушылар арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етіледі, әрі әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңімен желдетіліп өңделеді.
"Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Сондықтан аудиторияны тек 50 пайызға дейін толтыруға болады. Сәйкесінше, жобалық қуаттылық ҰБТ-ны 6 күннің ішінде өткізуге мүмкіндік бергенімен, шағын ағындарды жинақтау үшін тестілеу 15 күннің ішінде жүргізіледі", — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, биыл тест тапсырушыларға алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат берілді және тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылып, түлектер мемлекеттік емтиханнан босатылды.