«БІР ДОСЫҢ КЕРЕК ЕКЕН...» - kaz.caravan.kz
  • $ 461.26
  • 542.58
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 «БІР ДОСЫҢ КЕРЕК ЕКЕН...»

«БІР ДОСЫҢ КЕРЕК ЕКЕН...»

«Дос болам десең, досыңды сыйла, қымбаттым!..»

  • 23 Мамыр 2020
  • 212
Фото - Caravan.kz

М.Мақатаев

Сарғайған сағыныштың суреті. Бес жігіт –  бес тағдыр. Жастықтың эталонындай болған теңдессіз бестік дерсіз, бәлкім! Бес күндік жалғанның қонағы екенімізді ұқтырып кетті.Өткен шақты еске түсіру қиын емес, еске алуды айтсайшы, азап,  ауыр. Қайран менің құрдастарым!

Отызға да аяқ бастық. Тіршіліктің тізбегі үзілмеуі үшін күйбең өмірдің күймесімен тағдыр жолын шаңдатып жүрміз. Үй қамы, бала-шаға жайы, жұмыс бабы. Көп нәрсені жоғалттық, байқадың ба, достым? Ауылдың қоршаусыз ауласындай аңғал көңіл тауықтың кепесіндей,байқамаймыз,ә! Өйткені сағынбаймыз. Сағынбаған соң, іздемейміз. Ал немқұрайлық сезімді өлтіреді, сезім өлсе, тіршіліктің не керегі бар?

Олар да мені жиі іздейтін. Мәз-мейрам боп жатушы ек. Осы күні мен сағынып жүрмін, сондықтан іздеймін. Бір-бірлеп.Жансыз бейнеге жасырынған жарқын сәттерімді….

Бір атаның баласы емес екенімізді ес кіре білдік. Хиуаздың борпылдақ топырағындаасыр салып жүре беріппіз әріп танығанша. Атың да мінез-құлқыңа сай еді. Еркін. Қалимат апаның баласы.Үлкендер солай айтушы еді.

Бейнебір Қожаның қасындағы Сұлтан дерсіз. Асфальт көрмеген ауыл көшелерінде алшаң басып, төре тұқымындай маңғазданып жүретіні бар.Дәшіннің күні сүйген шойын қарамның жүрген жері  —  ойын-ду, күлкі-базар. Көктем келсе, қолынан қармағы түспейтін. Жаз болса, егістіктің басында. Күзде пішен маңында. Қыс түссе, қалада қыдырып жүргені жарасатын. Мен қалада жүргенде, үйіме қолғабыс жасайтыныңды анам күні бүгінге дейін айтады. Қаладан келген күні әдейі іздеп келіп: «Мейй-ррррамм-бб-ек, ббб-ір әнек-ддддд-от айтайын»,- деп күлкіге көметін сүйкімді Бәтішім (солай атаушы ек — автор)!Сен кеткелі он жыл. Күлмегелі де көп болды. Әзіліңді сағындым.

Біздің ауыл бейресми түрде «Ғарыш», «Ұшқын», «Жалын», «Көкарна» деген «штаттардан» құралған. Былайша айтқанда, Дәшін Құрама Штаттары (ДҚШ). Кәдімгі «Киткрай», «Шанхай» деген сияқты ғой. Әсіресе футбол жарыстарында аядай ауыл алты құрылыққа бөлініп кетердей өзеурейтініміз бар. Еркін-Бәтішім «Ұшқыннан» («Искра»). Ал мен «Ғарыштанмын». Жарықтық Еркіннің көктемде қақтаған ащы балығын жеп тауысқан соң,  Амангелдінің Мейрамбегімен «Жалын» жаққа жылжимыз. Шашына гел жағып, Нұрбақыт күтіп отырады. Бұл – біздің «Гума». Тегі – Гумаров.

Атасының атымен атап жүргенімізді қайдан білейік?! Ол да мәз, біз де риза болып жүре беріппіз. Содан не басымды ауыртайын,  сол үйден ыстық таба нан мен айран-көже ішетінбіз. Барған сайын. Білмеймін, сол нан үйімізде бар, бір табақ көже ішілмей тұр. Жоқ, досымның көжесі тәтті ме, бірдеңе өзі?! Нұрбақыт сабаққа да алғыр, спортқажақын ақкөңіл досымның бірі болатын, осыған ұр да жық мінезін қосып қойыңыз. Ол қасымызда болғанда, ешкімнен қорықпаушы ек. Түн қараңғысындақорқынышты әңгіме айтқанда, ауылда тұяқты қыздар мен ши мұрын қара адамдар қаптап кеткендей болады.Ұялы телефон енді шыққан кез. Жиі қоңырау шалушы еді. Ақтарыла сағынышын жеткізетін. Атырауда оқыды. Гимназияның жатақханасына келіп кететін. Ауылдан әкеміз келгендей, елпілдеп қалатынбыз. Тархун, чипсы, пряник таситын. Өзі –  колледж студенті. Қайтейін, шырмауық тағдыр шыр айналдырып, алыс сапарға кетті. Қасыңда отырып, армансыз қорқынышты әңгімелеріңді тыңдасам ғой. «Көже қалды ма, алып шықшы, досым!» — деп айтқым келеді. «Бақыш апа дискотекаға кіргізеді, кеттік!» – деп күлімдеп тұратыныңды сезем. Ел не десе, о десін. Мен Нұрбақыттың досымын.

Күндер бір-бірін қуалап өтіп жатты. Марқұм достарымызды жоқтап жүргенде, ойда-жоқта Алматыға Есболат келді. Қай Есболат дейсіз бе? Кәким ақаның баласы ғой.Гүлшат пен Әсел жақтағы. Иә, сол дәу сарым. Есақа ғой.

Нән денесіне қарап, палуан бола ма деп жүрсек,  тойдың тамағына тоятын тамада боп шыға келді. Ол алдымен ағасының қасында тұрды, сосын жалдамалы үйімізге шақырып алдық. «Жарты құртты жарып жеген, бүтін құртты өзім жегем, достарым!» — деп қойып, төрде  шайды сораптап отыратын жарықтық.Анасын аузынан тастамайтын. Тойдан тапқанын ауылдағы анасына жіберетін. Алматыда қалғысы келді. Армандары көп еді. Анасын қимады бала. Қайтты. Ауылға.

Өзі қаншалықты ірі болса да,  жүрегі соншалықты тым нәзік, бала мінезді болатын.Құрбымыз Аяжанның ашуына тиіп жылатамыз дегенше, Есақаның көзі суланып үлгеретін. Әсіресе Айдан дос сөзбен түйреп, әбден әбігерге салатын. Ал енді бас қосар басты ордамызға келсек, әрине,  тәуелсіздік құрдастарының штаб-пәтері  – Есақаның шаңырағы. Анасы қонаққа кеткенде, бермешел мен балығын әзірлеп, аш қасқырдай жортып жүрген сыныптастарын шақырып алады. Ұсақ-түйек, анау-мынау ауыларалық  төбелестің Ахилесі-Есақақасақана тиіскенді бүктіріп, мысымен ықтырып, әлсіздердің есесінқайтаратын. Еһ, «милитса» Мұратқайдан қашушы ек! Көшедегі ысқырықтан сескеніп, дискотекаға неге кірмей жүрдік екен? Әлгі буратино беріп өтетін «мостың» үстіндегі «пост-блок» қазір бар ма екен? Есақа, бәрі есімде…Адамгершілік пен адалдықтың, жанашырлық пен азаматтықтың үлгісін көрсете білдің. Шаршы топта сөз бастаған шешенім, ауылдан Алматыға көшкенде, ақ дастарқанымның тізгінін ұстаған да  — өзің. Ел куә.«Ұшқынның» жалыны жарқ етті де,  лап етіп сөнді, — сөнген жоқ, сөнбейтін із қалдырды. Аяулы жарың, асыл анаң мен қос қызғалдағыңа амандық тілеймін. Ананы сыйлауды өзіңнен үйрендім, достым!

Дәшіндегі Ы.Алтынсарин мектебінің 7-сыныбын аяқтап, Атыраудағы облыстық ұлттық гимназияда оқыдым. Он үштемін. Қаланың қатал өміріне көндіге алмай жүрген шағым ғой.Шымшыма сөзімен, «оригинал» күлкісімен, ақжарқын мінезімен сыныптың назарын аударды келген сәтте. Кісімен тез тіл табысатын, әзіл-қалжыңның қоймасы болған асыл бауырымның жоқтығына әлі күнге сенбеймін. Бір сыныпта оқыдық. Бір бөлмеде тұрдық. Мәңгі дос болуға серттескенбіз. Арманымыз асқақ, мақсатымыз бір. Тек тілекке тәңір жеткізбеді. Мен Индердің дарыны Арыстанов Асылбек жайында айтып отырмын.Ауылына талай шақырған. Бұйырмады.


Асылбек екеуміз таңды ұйқысыз атырушы ек. Алматыға кетуді армандайтынбыз. Оның арманы – «ДМХ» сияқты рэп орындаушы болу еді, өнерді сүйетін. Диктофон арқылы «О, адамдар, ана керек адамға. Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда!» деп Т.Айбергеновтің «Ана» өлеңін әнге алғаш қосқан «Шатен» тобын сыныптастарым ұмытпаған шығар. Алюминий қасықты шегемен тесіп «ААА» деп жазып алған зергерлігін айтпасқа болмайды. Әсіресе сұрақ қоюдан жалықпайтын, әр адамның өмірбаянын жатқа білетін, жатақханадағы әр баланың отбасын бүге-шігесіне дейін айтып беретін. Оған апта сайын бес бет шығарма жазу түк те емес:  «Адамның қарны ашса, тамақ ішуі керек», «Ұйқың келсе, ұйықтап ал!», «Ертегі балаларға ғана арналған», «Су шөліңді басады, ұйқыңды ашады», — деп ойдан афоризм, мақал-мәтел шығарып, жаза беретін, жаза беретін.Ашуланғанда: «Басыңа сәбіз өссін!» дейтін. Айтарым көп-ақ, өзің айтпақшы, «кешка» (шай-пай, тәттілер) болса, тефальмен таңға отырушы едім.Иә, досым, тоғыз бітіріп Агроколледжге кеткенде, өзіңді жоқтағанбыз… Ал қазір кәдімгідей жоқтап отырмын.

Тірі адамның тіршілігі жалғаса береді екен. Жылдар жылжып жатқан. Жақында суыт хабарды естігенде, төбемнен қос қолдап ұрып жібергендей болды. Күні кеше ғана Алматыда бас қосып едік қой, бауырым-ау! Бұл қалай? Асылбекті еске алып, өткен-кеткенді айтып шай ішкенімізге көп болған жоқ қой.Ұлттық гимназияда нағыз жолдастықты, шынайы сыйластықты ұқтырған өзің жайлы өткен шақта айтамын деп ойладым ба?! Сарықамыстан шыққан еңбекқорым құрылыс саласындағы бастамаларыңды, болашақ жоспарларыңды айтып тауыса алмай, шабыттанып отырған бейнең жадымда сақтаулы. Әр істің көзін тауып жүретін қағілездігің – бізге үлгі. Екі метр бойымен, құлаштап келіп құшақтап амандасқанда, еңсеміз көтеріліп қалатын. Жаныңнан табылатын, шынайы пейілі сөзінен, көзінен, өзінен көрініп тұратын дос санаулы. Санаулының санатында Амандық тұратыны сөзсіз.

Оның гитарамен ән шырқағаны қандай әсерлі! Алты ішектен төгілген сезім оның жағымды дауысымен үйлесім тауып, көңілге көктем сыйлайтын.  «Жан досым, үстем болсын мерейің…» Астананың таңы әнмен арайлап ататын. Қазір Астана таңы, Атырау таңы арайланып атады. Тек Аманның әні жоқ, гитарасының үні естілмейді. Досымның артында қалған отбасына, ұрпағына қайғырып көңіл айтамын.

Уақыт досты іріктейді.Ес кірген сайын ескі достың қадірі арта түседі. Бардың қадірі жоғалтқанда білінетіні қиын.Азаматтың келбеті ортасымен қалыптасады. Бойымыздан ізгіліктің ұшқынын байқасаңыз, ол да бес күндік жалғаннан ерте кеткен бесеудің болмысынан тараса керек-ті.

Жақсы адамдар қайда асығады екен!?  

Алматының  жаңбыры себелеп тұр. Таңғы тамшы терезеге тыным берер емес.Тамшы тырс етті. Ыстық жаскүйдіріп барады.

Топырағың торқа болсын, бауырларым!

ТАУБАЛДИЕВ МЕЙРАМБЕК ЕРЛАНҰЛЫ

тележурналист