Caravan.kz медиа-порталының аталған сауалдарына Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының экс-бас бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жатықтырушы Мырзағали Айтжанов жауап берді.
— Жалпы бокстан қазіргі ұлттық құрама туралы не айта аласыз?
— Қазіргі ұлттық құрама көбінесе жастардан жасақталған. Биыл енді Токио Олимпиадасы белгілі себептермен мынадай індетке байланысты өтпей қалды. Бірақ, ұлттық құрама 8 салмақ болса, сол салмақтар бойынша 8 лицензия алып қойды. Сондықтан толық құрамда барады. Балалар жақсы, жастар бар. Одан қалса шеберлігі әбден шыңдалған боксшыларымыз бар. Сол себепті ұлттық құрама әр уақытта мықты болған, мықты бола береді. Бұл бірінші кезекте қазақ халқының жекпе-жек түрлеріне жақындығы. Кең байтақ елді білектің күшімен, ақыл парасатымен алып қалған ата-бабаларымыздан дарыған қасиет. Бокстағы жетістіктеріміз, жеңістеріміз солардан қанмен берілген қасиет деп ойлаймын. Сондай-ақ әр аймақтарда еңбек етіп, тер төгіп жатқан бапкерлердің еңбегі осындай спортшыларды шығарып жатқан.
— Жаңа 8 лицензия дедіңіз, бұл толық құрам ба? Өйткені бұрын толық құрам 10 боксшы болатын.
— Биыл бірінші рет 8 спортшы, толық құрам болып есептеледі. Бұрын 10 салмақ бойынша 10 боксшы баратын. Биыл 8 боксшыға қысқарды ғой. Екі салмақты алып тастады. 49 келі мен 60 келіні алып тастаған. 8 салмақта 8 бала бар.
— Қыздар құрамасынан қанша лицензия бар?
— Қыздарда бұрын 3 салмақ болатын.Сол біздің 2 салмақты алып қыздарға қосады. Сонымен олимпиадада қыздар боксы бойынша 5 салмақ болады. Қазір гендерлік саясат деген спортқа да кіріп кетті.Сол себепті осылай болып жатыр. Негізі бүкіл әлем мамандары бұл шешімді қолдамайды, құптамайды. Бірақ амал жоқ. Сондай заң шығарды, оған қарсы тұра алмаймыз. Сол бес салмақта бір қызымыз ғана 75 келіде жолдама алды.
— Токиодағы Олимпиада ойындары пандемияға байланысты келесі жылға қалғаны белгілі, бұл жағдай ұлттық құрама жігіттеріне қалай әсер етуі мүмкін?
— Бұл енді бізге ғана емес бүкіл әлемнің спортшыларына бірдей ғой. Біздің спортшылар оған бола мұңайып, салы суға кетіп немесе босаңсып кетіп жатқан жоқ. Карантин кезінде жеке бапкерлерімен жұмыс істеп жатыр. Карантиннен кейін маусым айында екі ай оқу-жаттығу жиынын өткізген едік. Келесі оқу-жаттығу жиыны кезінде қайта карантин басталып кетті. Сол себепті екі жарым ай әркім өздері жеке бапкерлерімен жұмыс істеді. Ал қыркүйектің 7-сінен қазан айының 4-іне дейін екі бірдей оқу-жаттығу жиыны өтеді. Жігіттеріміздің барлығы үйінде тыңғылықты, сапалы жұмыс істегендіктері көрініп тұр. Карантин екен деп үйінде ештеңе істемей, жалқаулыққа салынған балалар бірден көрінеді. Сол себепті ұлттық құраманың балалары барлығы дайын.100 пайыз болмаса да 75-80 пайыз формада, өз деңгейлерінде. Енді құраманың оқу-жаттығуы үйдегіден бөлек қой, сол себепті бұл жерде өзіне керекті деңгейге жетеді. Ал негізі форманы жоғалтпаған, ешкім артық салмақ қоспаған. Кейбір кезде екі ай, бір ай демалыста 5-6 келі, 10 келі артық салмақ қосып алатын жалқаулар болады. Ал бұл жерде барлығының өздеріне жақсы қарағаны көрініп тұр.
— Осы ұлттық құрамадан Олимпиада чемпионы болу мүмкіндігі бар деп кімдерді айта алар едіңіз?
— Енді мен бас бапкер кезінде де, басқа кезде де еш уақытта болжам жасаған емеспін. Медаль алады-ау деген спортшылар әр уақытта 3-4 немесе бесеу болады. Соның ішінде бағы мен бабы қатар жанған жігіттер жүлдеге ие болады. Ал енді нақты осы адам Олимпиада чемпионы болады деген бірнеше бала бар. Соның ішінде бұйырғаны алтынды алады. Жалпы 8 салмақ қана. Яғни 8 алтын, 8 күміс, 16 қола. Былай айтқанда 32 ғана медаль бар-жоғы. Соған бүкіл әлем таласады. Сол себепті барлық медальды Қазақстанға беріп қоймайды ғой. Бұл Олимпиада да кемінде 4 медаль аламыз деген болжамым, үмітім бар. Біз сол 81, 75, 69, 91, +91 бес салмақта қайсысы алтын, қайсы күміс немесе бесеуі де медаль ала ма? Мысалы, 52 келіде Сәкен Байбосынов деген жігітміз бар. Алты боксшымыз бар. Одан бөлек 75 келіде Әлімхан Аманқұл бар. Азияда, Әлем чемпионатында күміс алған. Одан бөлек 69 келіде әлем чемпионатында екі рет қола алған Абылайхан Жүсіпов бар. 81-де әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов бар. 91 де Васили Левит әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері, олимпиаданың күмісін алған. Одан бөлек Қоңқабаев бар. Міне осы алты жігіттің қайсысы топ жарады, қайсысы күміс алады, алтауы да медаль ала ма жоқ әлде келеңсіз жағдайға тап болып жүлдесіз қала ма оны уақыт көрсетеді. «Арық айтып семіз шық» деген бар ғой қазақта, 4 медаль деп отырғанымыз содан.
— Қазақтың салмағы деп жүрміз ғой 69 келіні, Абылайхан Жүсіповтың дайындығы қалай?
— Дайындығы жақсы. Өте еңбекқор, тәртіпті.Әрине, 69 келіде әлемде оңай қарсылас жоқ. Көптеген елдің боксшыларыда осы салмақта, олар да жарқырап тұр. Сол себепті әлі де кем кетікпен жұмыс істеу керек. Тырысу керек. Барлығын ринг көрсетеді. Бірақ бұл балада жүлде алады деген үміттеміз.
— Сіз баптаған біраз жігіттер кәсіби бокспен айналысады, Мысалы, Данияр Елеусіновтың аяқ алысы жайлы не айта аласыз?
— Аяқ алысы жаман емес, бастысы өзіне соққы дарытпайды.Рингте өзін еркін сезінеді. Енді барлығы нокаут күтеді, нокаут жасамады деп айтады. Бірақ, бұл боксшы нокаут істемесе де қарсыластарын таза жеңіспен жеңіп жатыр. Нокауттың да ауылы алыс емес деп ойлаймын. Қазір мықты, нақты соққылармен жұмыс істеп жатыр. Стилін өзгертіп жатыр. Келешекте әлем чемпионы болып, белбеулердің иесі болады деп ойлаймын. Өз басым оған сенемін. Өйткені өте ақылды, рингте қас қағым сәтте жылдам шешім қабылдайтын боксшы. Сол себепті одан әлі көп жеңіс күтеміз. Жәнібек Әлімханұлы да өзіндік ерекше боксшы, техникасы да жаман емес. Соқылары да жойқын. Оған да мен үлкен үміт артамын. Олардың барлығы бір үйдің баласы секілді болып кетен. Көптеген жарыстарға бірге бардық. Бірге қуандық. Одан бөлек Иван Дычко, жас боксшыларымыз Садридин Ахметов бар. Оларды бір екі жыл ішінде өздерін жақсы жағынан көрсетіп, әлемді шулатады деген ойдамын.
— Стилін өзгертіп жатыр дедіңіз, ондай жағдайда Данияр бұрынғы қарқынын жоғалтып алады-ау деген ой болмай ма?
— Жоқ, олай емес. Стилі ауысқанда соққы жағын айтып отырмын.Кәсіби бокс болған соң қуатты соққы керек. Ол тек соққысының сапалы болуына, қарсыласын құлататындай жойқын болуына жұмыс істеп жатыр. Ал жалпы өзінің стилін өзгертпейді. Өзін ұрғызбайтын боксшы.Тек керек нәрсені сәл қосады.
— Жәнібек Әлімханұлы Канеллоны жекпе жекке шақырып жүр, Головкиннің кегін аламын, қазаққа жеңіс әперем деп жүр. Екеуі тең қарсылас деп ойлайсыз ба?
— Жәнібекке әлі де тәжірибе керек. Бірақ ол ондай сөзді жайдан жай айтпайды ғой. Біреулер сияқты мақтаншақ емес, өзіне сенімді болған соң айтып отыр. Бапкерлер де ол айтты деп жекпе жекке қоя салмайды. Жоқ дегенде бір жылдан соң болу мүмкін. Ал бір жылда Жәнібекте мықты тәжірибе жинап нағыз қарсылас болатын бірден бір боксшы. Сол себепті ол сенімді болған соң айтып отыр.
— Бокста кейбір жігіттердің бағын аша алмадым деп өкінген кездеріңіз болды ма?
— Қазақта өткенге өкінбе деген сөз бар. Өзім қап бүйте алмадым-ау деген сәттер де болады. Бірақ,талай боксшылар болды. Мысалы Лондон Олимпиадасында нағыз бабында, нағыз медаль тағатын ол Біржан Жақып пен Данир Елеусінов еді. Даниярдың бағы Риода жанды. Біржан да бабында еді. Бірақ бағы жанбады, соған өкінесің. Ал Риода нағыз бабында болып, бірақ медаль ала алмай қалған боксшылар Ералиев, Сәттібаев және Әлімханұлы. Соларға өкінемін. Сондай-ақ Әділбек Ниязымбетвтың Ла Курзбен жекпе-жегі тең дәрежеде болғандай көрінеді. Бірақ сәл болсада басымдық Әділбекте екені көріні тұрды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекерден бекер алтынға теңеген жоқ қой. Олимпиаданың сыйақысын берді Левит екеуіне. Сол себепті қап деп өкінеміз. Ал енді Левитке өкінейн, өкінбейін оны бүкіл әлем көрді.
— Жас кезіңіздегі бокстарыңызды қарап отырсам көп қарсыластарыңызды нокаутқа жіберіп, құлатыпсыз. Жалпы өзіңізге кейінгі бокысшылардан кімді ұқсатасыз?
— Кейбір боксшылар бар ғой әрине. Бірақ нақты мен сияқты немесе мен дәл басқа біреу сияқты бола алмаймын. Бұл командалық спорт емес. Футбол емес, волейбол, хоккей емес. Әркімнің өзіне ғана тән стилі, ерекшелігі, артықшылығы болады. Сондықтан біреуге біреу ұқсамайды. Сондықтан бізден де мықты болып отыр жігіттеріміз. Қажымұқан атамыз айтпақшы «Күш атасын танымайды». Кезінде Олимпиадада бірінші күміс алған Серік Қонақбаев бірінші қарлығаш болды.Ол кісі Олимпиаданың күмісін алғанда бүкіл қазақ қуанған еді, жұлдыз санады. Ал қазіргі таңда қазақстандық 7 олимпиада чемпионы бар екен. Ал әлем чемпионаттарында 14 алтын алғанбыз. 14 алтынды 13 адам алса, Серік Сапиев екі рет алған. Қазақтаннан шыққан бірінші әлем чемпионы ол Болат Жұмаділов 95 жылы болды. Содан бері жүлде үзілген емес. Сондықтан күштіден күшті шыға береді. Бір біріне ешкім ұқсамайды.