Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Каспи қолданушыларының қаражаты қаз-қалпында! Бұл туралы техникалық ақау болғанына қарамастан, Kaspi.kz жұмысын дереу ретке келтірген банк өкілдері мәлімдеді. Банкке ешқандай кибершабуыл жасалмаған.
Алайда халық сол аралықта дүрлігіп үлгерді. Бұл жөндеу жұмыстары кезінде жағдайды одан әрі ушықтырып жіберіпті.
Александр Терентьев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржы қызметі тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің директоры:
-Банкте техникалық ақау шыққаны айтылса, обьективті түрде түсіністікпен қарау керек. Өйткені мұндай жағдай кез келген мекемеде болады. Ол үшін сабыр сақтаған жөн. Ал абдыраған халық қайта-қайта қосымшаға кірген сайын, жүйені қатырып, жұмысты қиындатып жіберді. Қаражатыңызды тек картада ұстамай, үнемі қолма-қол ақшаңыздың да болғаны дұрыс.
Таңертеңгі уақытта халық кең қолданатын Kaspi.kz қосымшасы істен шықты. Жұртшылықтың жүйеге кіруі қиындап, операциялар тоқтады. Соның салдарынан ел арасында түрлі жалған ақпараттар желдей есті. Алайда банк өкілдері қауесетке сенбеуге шақырып, тек қана техникалық жүйенің сыр бергенін айтқан.
Қазір тұтынушылар әдеттегідей Kaspi.kz-тің барлық қызметін қолдана алады. Бұған қоса, кеткен қателік үшін банктегілер көпшіліктен кешірім сұрап, 29- қазан мен 4-қараша аралығында әр сатып алушыға 5 пайыздық бонус бермек.
Бұл Kaspi Gold және Kaspi Red-пен Kaspi QR арқылы төлемге. ІТ жетекші мамандар тек ресми ақпаратқа сүйену керектігін ескертеді.
Евгений Питолин, Орталық Азиядағы, ТМД және Балтық елдеріндегі Kaspersky басқарушы директоры:
-Еш қорқудың қажеті жоқ. Өйткені барлығы қалпына келтірілді. Бұндай жағдайда дүрлікпеуге шақырамын. Осындай сәтте нағыз алаяқтарға алданып қалуларыңыз әбден мүмкін. Сол себепті тек ресми ақпаратқа сүйену керек. Қазір әр банктің арнайы сайты бар. Барлық сұрақтың жауабы сонда.