Жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін жануарлар түрлерінің тізімі "Сүт қоректер класы — Mammalia — сүтқоректілер класы" бөлімі "128-1 Каспий итбалық — Pusa caspica — Каспий итбалығы" жолымен толықтырылды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше бұл шара соңғы жүз жылда 1 млн-нан 100 мыңға дейін азайып кеткен жануардың популяциясын сақтап қалуға мүмкіндік береді».
Бұл шешім Қазақстанның экологиялық мәселелерге жиі көңіл аудара бастағанынының бір дәлелі. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті жайлы сөз қозғай отырып, қоршаған орта мен жануарларға деген дөрекі қарым-қатынасын сынға алған болатын. «Жыл басынан бері түрлі жабайы әрекеттердің куәгері болып жүрміз. Қазақстан әлемдегі экологиялық антирейтингінде бекер көш бастап тұрған жоқ. Бізге экологиялық мәдениет қалыптастыру керек», — дегенді айтты.
Осыған тиісті мекемелер экологиялық мәселелерге бағытталған жұмыстарды күшейтуде. Мәселен биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ грант негізінде «Қазақстанда экологиялық жобаларды танымал ету және дамыту» жобасы аясында түрлі экологиялық бастамалар насихатталып жатыр.
Гидробиология және экология институтының Каспий итбалықтарын қорғау бойынша жұмыстарын да жемісті жұмыс жасап жатқан жобаға жатқызуға болады. Итбалықтардың қызыл кітапқа енуіне де аталған инстиут тікелей әсер етті. Мұндай бастама итбалықтарды қорғауға және болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақты құруға қажетті шешім. Итбалықтарды қорғау жобасы – Каспий теңізінің жалғыз сүтқоректі жануарын зерттеумен, қорғаумен және соған қатысты ақпаратты қоғамдық деңгейде талқылаумен айналысады. Әу баста Ауыл шаруашылығы министрлігі, Балық шаруашылығы комитетінің тапсырысы арқылы басталған бұл жұмыс қазір Гидробиология және экология институтының негізгі бағыттарының бірі болып қалды.
Өкінішке қарай, итбалықтардың саны қарқынды түрде азайып келеді. Оған түрлі факторлар әсер етуде. Гидробиология және экология институтың зерттеуінше, итбалықтардың азаюына қыста теңізде кемелердің жүруі (итбалықтардың көбейетін мезгілі), климат өзгеруіне байланысты теңіздегі мұздың азаюы, және браконерлердің көбеюі себеп болып отыр. Әсіресе браконьерлердің теңізге тастап кететін ауларына түсіп қырылып қалады. Соңғы жылдары жағалауда қырылып жатуы да жиілеп кетті. Итбалықтарды қорғау жобасы олардың қашытықтан есебін жасау әдісін жасады. Сондай-ақ итбалықтарды көбейтудің ғылыми әдістемесе дайындалды. Итбалықтардың қызыл кітапқа енуі олардың көбеюі үшін өте маңызды шешім болды. Бір айта кетерлігі, Каспий теңізін жағалай орналасқан Иран, Әзербайжан, Түрікменстан мен Ресей Федерациясы итбалықты әуелден өз қорауына алған. Қызыл кітапқа енгізбеген тек Қазақстан болатын. Қазір Қазақстанда теңіз сүтқоректісін сақтап қалу бойынша бірқатар шара қабылданып жатыр. Өткен жылдан бері Ақтау қаласында Каспий итбалықтарын зерттеу және реабилитациялау Орталығы құрылды. Ресей мамандарымен бірлесіп итбалық популяциясын сақтау бойынша бірлескен әрекет ету жоспары әзірленіп жатыр
Сәдуақас Кебекбай.