Думан Жампейісов: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары мен жобалары қоғам үшін маңызды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Думан Жампейісов: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары мен жобалары қоғам үшін маңызды

Думан Жампейісов: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары мен жобалары қоғам үшін маңызды

2017 жылдың сәуір айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру атты мақаласы шыққан болатын.

  • 20 Қараша 2020
  • 801
Фото - Caravan.kz

3 жыл ішінде бағдарлама қандай жетістіктерге жетті? Жаңару мен Жаңғырудың ұғымдары қандай? «Рухани жаңғыру» жобасы осы жылы қанша іс-шара өткізді? Толықтай Рухани жаңғыруымыз үшін не жетіспейді?

Осы және өзге де сұрақтарға "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты Бағдарлама жобалары басқармасының басшысы Думан Жампейісов Caravan.kz медиа порталының тілшісіне жауап берді.

— 3 жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты жетістігі не болды деп санайсыз?

— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шыққаннан бері тиісті құрылымдар құрылып, қызмет етіп жатыр. Олар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаменті, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты және өңірлік жобалық офистер. Осы құрылымдарды құру қоғамдық сананы жаңғырту бағытында жүйелі жұмысты жоспарлап, атқаруға мүмкіндік берді. Оған қоса Бағдарламаны жүзеге асыруға қоғамның әр түрлі санаттағы мүшелері ат салысып, белсенді қатысуы да үлкен жетістік деп ойлаймын.

— «Рухани жаңғыру» орталығы қандай бағытта жұмыс істеп жатыр?

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру аясында әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, бағдарламаны жүзеге асырудағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Азаматтық алаң» пікірталас клубы ашылды. Оған азаматтық қоғам өкілдері кеңінен тартылып, өзекті тақырыптар талқыланады.

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі республикалық және өңірлік жоспарларға талдау жүргізіліп, жаңаша нұсқада жасалды. Бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі 3 бағыты айқындалды: біріншісі – «тұлғалық даму», оған білімнің салтанат құруы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы, прагматизм қағидалары кіреді, екіншісі – «ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру» және үшінші бағыт – «мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы» болып табылады.

Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтардың даму бағдарламаларына талдау жүргізіліп, бағдарламаның негізгі бағыттарына сәйкестендіруге ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, бағдарламаның үш жылдық қорытындылары бойынша талдамалық баяндама әзірленді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары мен жобалары қоғам үшін маңызды болып табылады. Бүгінде «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты»,  «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобаларын жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар балаларға арналған мамандандырылған кітаптарды шығару қолға алынды. Халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығына да ерекше көңіл бөлінуде. Оған қоса форсайттық зерттеулер мен Әлеуметтік жобалар әдістемелік және сарапшылық сүйемелдеу көрсететін акселератор жұмысы ұйымдастырылды.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жастарға  білім мен тәрбие беруде қандай жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлайсыз?

— «Атақ, бақ та қолға салған сақина тәрізді, қанша асыл болғанмен түбі тозады» демекші, жиырма бірінші ғасырда рухани құндылықтарға көбірек көңіл бөлу, жеке бас мәселесінен бастап, ұлт мүддесі мен жалпы адамзат тағдырын ойлау қажет. Әрбір адам жас кезінен бастап қаншалықты «толыққанды адам» тұжырымдамасына сай екендігіне көңіл бөлуі керек.

Оған қоса жастарда қазіргі заманға тән дағдыларды: өзгерістерге дайын болу, адамдармен тіл табыса білу, үнемі өзін-өзі жетілдіру үдерісінде болу, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту керек деп ойлаймын. Дени Дидро «Адамдар ойлауды кітап оқығанды қойғанда тоқтатады» демекші, кітап оқуға зейін қою керек. Елінің болашағын өз қолына аламын дейтін жас ұрпақты тәрбиелеп өсіруге көңіл бөлу маңызды.


— Толықтай Рухани жаңғыруымыз үшін не жетіспейді?

Біріншіден, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жобалар халықтың барлық санаттарын әртүрлі жас бойынша қамтуы қажет. Балалардан бастап қарттарға дейін жас ерекшеліктерін ескеретін арнайы жобалардың болғаны жөн. Бұл халықтың әрбір санатына жеке, әрі тиімді әдістер қалыптастыруға мүмкіндік береді – кішкентай бала мен ересек адамның санасын жаңғыртудың әдістері әртүрлі болуы керек.

Екіншіден, барлық адамдардың жиынтығы болып табылатын қоғамның бәсекеге қабілеттігі үш-төрт министрлік қана жауапты емес, барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам субъектілері жауапты екендігін нақты айту керек. Тек бірлесе отыра, жоғары саналы азаматтар мекендейтін құқықтық мемлекет пен мықты азаматтық қоғам құруға болады.

— Жаңару мен жаңғыру ұғымдарына тоқталып кетсеңіз. Шатастырып, дұрыс түсінбей жүрген оқырмандарға?!

— Заман талабына сай болу үшін адам мен қоғам үнемі жетілдіру үдерісінде болу қажет. Бұл талапқа сай болмағандар бәсекеге төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырап жатады. Сол себепті Бағдарламаның білімнің салтанат құруы, бәсекелік қабілет, прагматизм, сананың ашық болуы, ұлттық бірегейлікті сақтау және эволюциялық даму сияқты негізгі қағидалары өзекті болып табылады. Бұл туралы Елбасы «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп баса айтқан еді.

— «Рухани жаңғыру» жобасы осы жылы қанша іс-шара өткізді?

— Ағымдағы жылдың 10 айында барлық өңірлер бойынша 27 625 іс-шара өткізіліп, 7,7 млн. адам қамтылды.  Демеушілер тарапынан жұмсалған қаржы көлемі 45 млрд. теңге.

— «Рухани жаңғыру» – бұл бастан өткерген тарихымызға тағзым ғана емес, болашағымызға бағдар екені сөзсіз. Бағдарламаны алдағы уақытта да ойдағыдай жүзеге асырылатын жағдайда, 10 жылдан кейінгі біздің қоғамды қалай елестетесіз?

— Найзаның ұшымен, білектің күшімен, ежелгі салты ерлік болған ата-бабаларымыз сан жанталаста жеңіп шығып, сақтап қалған ұлан ғайыр жерді болашақ ұрпаққа аман есен жеткізіп, бүгінгі ұрпақ сапалы мұра қалдырған, ашық әрі жоғары зияткерлі қоғамы бар болашақты елестетемін. "Рухани жаңғыру" бағдарламасында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттары ретінде көрсетілгендей бәсекеге қабілетті, санасы ашық, ұлттық бірегейлікті сақтаған, білім салтанат құрған, прагматизмді ұстанатын, эволюциялық жолды таңдаған елдің болашағы – жарқын, келешегі – кемел болады деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет!