Елбасы көрші елдер жайлы: тағдырымыз солай - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елбасы көрші елдер жайлы: тағдырымыз солай

Елбасы көрші елдер жайлы: тағдырымыз солай

Назарбаев Қазақстанның шекарасын шегендеп, оны басқару тетіктерін қалыптастыру, елдің рухы мен әл-ауқатын арттыру, егемендікті баянды ету оңайға соқпағанын айтты

  • 25 Қараша 2020
  • 15
Фото - Caravan.kz

Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан көрші елдермен тату болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезінген халқымыздың ендігі не істесе де жолдасы – сабыр мен ақыл ғана болуы керек. Көршілерімізбен тату болуымыз керек. Тағдырымыз солай, картаға қараңдар, қандай жерде отырмыз. Сондықтан менің жүргізген саясатым осы, аманатым да осы", — Елбасы Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезінде.

Назарбаев Қазақстанның шекарасын шегендеп, оны басқару тетіктерін қалыптастыру, елдің рухы мен әл-ауқатын арттыру, егемендікті баянды ету оңайға соқпағанын айтты.

"Бүгінде елдің басын қосып, ұйытып отырмыз. Қазір айтсаң, ертегі сияқты көрінеді", — деді ол.

Тұңғыш президент өткен ғасырда қазақ халқы бастан кешірген қасіреттерді еске алды.

"Өткен ғасырда біздің халқымыз тоғыз түрлі алапат қасіретті бастан кешірген екен. Екі дүниежүзілік соғыс, екі зұлмат ашаршылық, ұлт-азаттық қозғалыстар, қуғын-сүргін жылдары. Ойлап қараңдаршы. Сол ашаршылықтан, тағы басқадан 4 миллионнан астам біздің қазақстандық, қазақтар қыршын болды. 1,5 миллионы елінен қашып, шетке кетті. Ұлтымыз үшін бұл қандай ауыр қасірет?! Қай халық осындай қасіретті бастан кешірген екен?! Соған қарамастан ата-бабамыздың қалдырған жерінде отыр. Өзінің мемлекетін құрып отыр", — деді Назарбаев.

Елбасы бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем танитынын атап өтті.


Еске салсақ, 25 қарашада Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Жиын барысында партия атынан алдағы мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлер тізімі бекітілді.

Жалпы Nur Otan-ның партиялық тізімі 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша бекітілді.

Мәжіліс депутаттығына үміткер болатын белгілі азаматтар арасында Дариға Назарбаева, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин, Бекболат Тілеухан, Ахметжан Есімов, Тамара Дүйсенова, Айдос Сарым және тағы басқалары бар.

Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді.