Кешел- бері әлемжеліде апталдай жігіттің аяғына ала жіп байлап, тұсауын кесіп жатқан видео тарап жатыр. Бойдақ бала үйленсін, үйлі болсын деген үмітпен жасалған ырым екен. Сонда бұл қазақта қашаннан бар ұғым? Бұған қатысты аға-буын өкілдері мен жігіттердің өзі не дейді?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Бір басың екеу болсын, қадамың оң болсын….»
Желіні шулатқан мына видеоның нақты қайда және қашан түсірілгені белгісіз. Анығы үйленбеген жігіттің тұсауы кесіліп жатыр. Алдына ақша, аспап пен кітаптан басқа, ақ орамал да қойылған. Құдды домбыра таңдаса, танымал күйші болар ме екен деген ойға қаласың. Дегенмен, азаматтың ақ орамал таңдағаны анық қой. Енді оның үйленгені я үйленбегені белгісіз, алайда үлкендер бұған таңғалудың еш қажеті жоқ дейді. Бұл қазақтың бұрыннан келе жатқан ырымы көрінеді.
ҮМІТ ДҮЙСЕНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
«Құрбы-құрдастары жиналып, бас қосу деген болады. Сол кезде ойын-сықақ сияқты қылып, жолдасының кәдімгідей тұсауын кесіп, бірақ өздерінің қарап жүрген қыздары болады. Осы жігітке осы қыз лайық болады деп. Негізі ол семья сосын керемет жақсы үйлі баранды, балалы-шағалы болып кетеді екен»
Дегенмен, білетіндер бұл пікірмен келіспейді. Бұл қазақты қорлау, салтты мазаққа айналдырумен тең дейді. Тұсау тек алғаш қадам басқан балаларда кесілуі тиіс деген пікірде.
ТАЛҒАТ ОМАР, ТАРИХШЫ:
«Бұл жақсы нәрсе емес. Біз барған сайын қазір айтып жатырмыз. Жігіттер біздің ерліктен айырылып бара жатыр деп. Жігіттеріміз күні әйелден төмен болып бара жатыр деп. Біз осымен тұсауын кесетін болсақ, онда бесікке бөлеп, әлди-әлдиімізді айтатын шығармыз?»
Елордалықтар да мұндай ырымнан ада екен. Жігітке ұят, қазаққа мүлдем жат құбылыс дейді.
«Жол ашар деген бірдеңе болатын шығар, біреудің киімін беріп, ал мынау жат нәрсе ғой»
«Үлкен азамат қой, дұрыс емес деп ойлаймын»
«Дінде айтқан ғой, сендерді жұп-жұп қылып жараттық деп, сондықтан бәрібір ертелі-кеш қосылады ғой»
«Ұят қой»
Дегенмен, қазақ қашанда ырымшыл халық қой. Үлкендер тұсауы кесілген сұр бойдақтар көп ұзамай үйленіп, балалы-шағалы болып жататын деп еске алады. Қазір де бұл ырымды жандандыру керек дейді.
ҮМІТ ДҮЙСЕНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
«Қазір бізде кім көп? үйленбеген жігіттер, тұрмысқа шықпаған қыздар көп. Сондықтан достары осындай көмек көрсетіп жібереді екен. мынау жалғыз жүрмесін, ұрпақ болсын артынан деп»
Айтпақшы, жоғарыдағы ырым тек жігіттерге ғана қатысты. Тұрмыс құрсын деген ниетпен оң босағада отырып қалған арулардың тұсауы кесілмейді екен.