"Отансүйгіштік "ов", "евпен" өлшене ме?" Желіде аталған жалғауы барларды орысқұл деп айыптамауды сұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Отансүйгіштік "ов", "евпен"  өлшене ме?" Желіде аталған жалғауы барларды орысқұл деп айыптамауды сұрады

"Отансүйгіштік "ов", "евпен" өлшене ме?" Желіде аталған жалғауы барларды орысқұл деп айыптамауды сұрады

Әлеуметтік желіде фамилия соңындағы ов, ев жалғаулары тағы да сөз болды. Оқырмандардың бірі аталған жалғауы әлі күнге дейін бар жандарды орысқұл деп айыптамауды сұрады.  

  • 2 Сәуiр 2021
  • 269
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Абай Балажан  депутат әрі тіл жанашыры Қазыбек Исаға бағыттап жазды. 

"Қазыбек, менің фамилиямның соңында "ов" жоқ. Абай Балажанмын. Бұрын Балажанов едім. Ол кезде жұрт менің атым қайсы, фамилиям қайсы, еш қиналмай оңай ажырататын. Қазір үлкендер "Балажан шырағым…" деп сөз бастаса, інілеріміз әңгімелерін "Балажан аға…" деп бастайды. Балажан — менің әкемнің әкесінің аты. Арзан Бақыт деген жігіт бар, сол "щщс, бәле болды, аты-жөніме қарап жұрт мені әйел деп шатастырады, баяғы "овыма" қайта ораламын-ау" деп жүр… Шындап келгенде, біздің қазақта фамилия түгілі, фамилия туралы ұғым да болмаған ғой. Фамилия бізге Ресеймен бірге келгенін не үшін жоққа шығару керек? Өркениеттің жазылмаған заңы солай — халықтар өзінде жоғын өзгелерден алып дамиды. Біз орыстан алсақ, орыстардың да бізден алғаны аз емес. Армян, грузин, эстон, латышта фамилия бұрыннан болған екен, олар өзінде болып тұрған соң орыстың фамилиясын қажет деп таппады. Біз алдық. Оған бола қазақтың бүгінгі ұрпағын құл-құтан деп сөгудің қаншалықты қажеті бар? Бүгінгі қоғамда фамилиясыз жүруге тағы болмайды. Қазыбек немесе мәселеге Қазыбек сияқты келетін өзге де ағайындардың табасына қалмайық деп, олар орысқұл деп айыптамасын деп, құлдық санадан шыға алмай қалған кеще демесін деп фамилиямызды өзгерткенде Абай Балажан болдық. Мұның фамилиясы қайсы, аты қайсы, өзім-ақ білемін, сосын қатын, бала-шағам біледі. Меніңше "ов", "евтен" соншалықты үркудің реті жоқ. Дулат Исабеков ағамыз Дулат Исабек болмай-ақ қазақ әдебиеті мен мәдениетін жаңа белеске көтеріп тастады ғой. Жазған пьесалары Лондонда қойылды, өзі лордтар палатасының төрінде тұрып, сөз сөйледі. Ағылшындар "мынаның фамилиясы Исабеков екен, ендеше, орыс болды ғой" деген жоқ, қазақ қаламгері деп құрметтеді. Оған орысқұл демеді, құл демеді, құтан демеді.

Ал, біз өзіміз фамилиясы "ов", "евпен" аяқталатын ағайынды көрсек, ит көрген ешкікөзденіп шыға келетін болдық. Патриоттықтың өлшемі фамилияңның соңындағы жалғау болды. Тым арзан тәсіл емес пе? "Овы" жоқты да құрметтейік, "овы" барды да құл демейік. Қадыр Мырза Әлінің ұлы Абайға арнаған бір өлеңі

"Күпі киген кемеңгер өзің ғана,


Макентошты миғұла жетіп жатыр"

деп аяқталатын. Сол айтпақшы, "овы" жоқтардың ішінде де қазақты бір аяқ жуындыға сатып кететіндер жетіп жатыр, мысал келтір десең, ұйықтамай үш күн, үш түн жырлап бере аламын. "Овы" барлардың ішінде де мына жалғыз Отанды "овы" жоқтардан артық сүйетін ағайын жеткілікті.

Қазыбек дос, сен енді бұрынғы Қазыбек емессің, Мәжіліс депутатысың, өкімет адамысың. Сөйте тұра "Әлі құлдық санадан құтылмай, Ресейдің аты-жөнімен жүргендер болса, тезірек құтылыңыздар!" деп ұран тастайсың. Ал, бұл ұран өзі аз қазақты бір-бірімен бұрынғыдан бетер алакөз қылып, қырқыстырып қоймай ма?! Одан сен не ұтасың, біз не ұтамыз?

Парламент қабырғасында көтеретін мәселе іздеп жүрсең, проблема шаш етектен ғой, Қазкем! Басқа емес, бүкіл уақытын өзінің проблемасын емес, өзгенің проблемасын шешуге жұмсайтын әріптестерің — журналистердің әлеуметтік мәселесі дегеніңіз өз алдына бір әлем! Журналист не мемлекеттік қызметшіге жатпайды, не бюджеттік мекеменің қызметкеріне жатпайды, сондықтан да басқалардың жалақысы көтеріліп жатқанда, оның жалақысы жылан жылғы деңгейінен көтерілмей, табандап тұрып алады. Қазір жергілікті мәслихаттарды айтпағанда, Мәжіліс пен Сенаттың өзінде пәленбай журналист отырсыздар, осы мәселені көтеруге не кедергі? Сіздер мұның орнына "ов", "евті" қазақтың ғаламдық проблемасы ретінде көрсеткілеріңіз келеді!

Баяғыда жетпіске жақындаса да намаз оқуды әлі бастай қоймаған бір көкеміздің жақын інісі ауылға имам болып тағайындалып, ағасын адам жиналған жерде "неге намаз оқымайсыз?" деп жағасынан ала беріпті. Тіпті жүргізбей қойыпты десе де болады. Сол сөзін бір құдайы тамақтың үстінде тағы қайталаған имамға әлгі көкеміз "әй, осы сен-ақ қыр соңымнан қалмай қойдың ғой. Осыдан басқа дінге өтіп кетпесем бе?!" деген екен. Сол көкеміз айтпақшы, "ов", "евті" проблема етіп көтеруді қоймасаң, Қазыбек дос, фамилияма қайтадан "овты" жалғап аламын-ау",- деп жазды  ол.