Бұл туралы Facebook парақшасында тарихшы Зиябек Қабулдинов мәлім етті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Тарихшы Зиябек Қабулдинов Кеңесары ханның бас сүйегін қайтару бойынша жұмыстардың басталғаны жөнінде сүйінші хабар жеткізді. Ол өзінің Ресей Мәдениет министрлігі құрған арнайы комиссия құрамына шақырту алғанын мәлімдеді. Тарихшының сөзінше, Қазақ хандығының соңғы ханының бас сүйегін қайдан, қалай тапқаны туралы ақпарат әзірге құпия.
”Мен ұлы ханның бас сүйегін қайтару үшін құрылған сарапшылар комиссиясының құрамына кірдім. Бүгіннен бастап ұлттық тарихымыздың мүлде жаңа кезеңі басталады. Бүгін ынтымағы жарасқан екі мемлекет Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тарихында жаңа деңгейге өтеміз, достығымыз одан әрі нығайып, бейбіт қарым-қатынас тереңдей түспек.
Мен Ресейдің Мәдениет министрлігі тарапынан Кеңесары ханның бассүйегін қайтару жұмыстары бойынша ресейлік сарапшылар комиссиясының құрамына шақырту алдым. Келістім. Сүйінші! Кеңесары ханның бассүйегі табылды! Мен оның қалай табылғаны немесе оның қай жерде жатқаны туралы нәзік нәрселерді жеткізе алмаймын. Ол белгілі бір ресмилікті талап етеді және ол дипломатиялық деңгейдегі дүние.
Бірақ бұл бастаманы Ресейдің жоғары билік өкілдері көтеріп отырғаны анық!”, – деп жазды тарихшы Зиябек Қабулдинов.