Атырау облысында 22 сәуірде автобус пен автоцистерна соғысып, салдарынан 8 адам зардап шекті, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жол апаты Жылыой ауданындағы тасжолда болған. Автобус Прорва кен орнында жұмыс істейтін мердігер компаниялардың біріне тиесілі. Онда 11 қызметкер болған. Алдын ала болжам бойынша, КамАЗ тізгініндегі жүргізуші басып озбақ болып, қарсы жолаққа шығып кеткен.
Жол апаты салдарынан автобус жол шетіне аударылып қалған. Автобустағы жолаушылар мен жүргізушісі "Теңізшевройл" ЖШС медициналық клиникасына жеткізілді. Оқиға орнына Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері барған.
"Апат салдарынан 8 адам зардап шекті. Бәріне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта ауруханада тек автобус жүргізушісі жатыр. Оқиғаға қатысты ҚР ҚК-ның 345-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", — деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.