“Қызсың демейді, жынданса ұрады”: Ұшқыш қыз Ләззат Шырынтай бастан өткендерін айтып берді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Қызсың демейді, жынданса ұрады”: Ұшқыш қыз Ләззат Шырынтай бастан өткендерін айтып берді

“Қызсың демейді, жынданса ұрады”: Ұшқыш қыз Ләззат Шырынтай бастан өткендерін айтып берді

 

  • 30 Маусым 2021
  • 5521
Фото - Caravan.kz

“Ұшқыш қыз” ретінде әлеуметтік желіде танымал болған Шардараның шымыр қызы Ләззат Шырынтаймен бүгін Caravan.kz порталының тілшісі сұхбаттасты.

— Сені бәрі “ұшқыш қыз” деп таниды. Алайда толық аты-жөніңді біле бермейді. Өзіңді таныстырсаң?

— Есімім Шырынтай Лаззат Даулетбекқызы. 1999 жылы Түркістан облысы, Шардара ауылында дүниеге келгенмін. Көп балалы отбасында туып өстім. Үйде алты баламыз. Ең тұңғышы — мен. Үш ұл, үш қызбыз. 2016 жылы мектепті бітірдім. Сосын Алматыға оқуға түстім. 5 жыл оқып міне екі айдан соң диплом аламын. Ұшқышпын өздеріңіз білетіндей. 200 сағат көкте, 70 сағат жерде ұштым.

— Оқуға қалай түстің, қандай сынақтардан өттің?

— Алматы қаласындағы
“Азаматтық авиация академиясына” түстім. Ол университет сияқты емес. Орта Азиядағы жалғыз академия.

— Оған қалай түстің, талаптары қандай еді? 

— Ең алдымен ҰБТ тапсырдым. Ол кезде 125 балл болатын. Физика пәнін таңдадым. Басында ұшқыш боламын, пилот боламын деп ойлаған жоқпын. Тіпті бұл мамандыққа түсетінімді де білген жоқпын. Миымда тұрақты бір мамандық жоқ еді. Алладан тіледім маған қайырлы мамандықты нәсіп етші деп. Содан соң бір құрбымның айтуымен ұшқыш мамандығына түсіп кеттім. Ең алдымен ата-анам қатты қуанды. Мен мына жақта толқып жүрмін, қалай болады? Не болады?,-деп.

— Қиын болды ма?

— Иәәә, баста қатты қиын болды. Мен жылайтынмын үйдегілерге хабарласып, қайтамын мен деп. Анам мені қамшылап алатын. Сенің орныңа мен ұшып берейін ба енді, соңына дейін барасың деп. Егер солай қамшыламаса мен қазіргідей оқуды аяқтап, диплом қорғап жатпас едім.

— Қазір сен емін-еркін өзің ұшасың ба? Әлде әлі де қасыңда бағыт беріп отыратын адам болады ма?

— Біздегі инструкторлар әскери адамдар ғой. Барлығы қатал. Сосын бізде қыз, ұл деген түсінік жоқ. Егер сен ұшып жүріп оларға бір әлсіздігіңді көрсетсең, олар білгенбіз біз қыздар ұшқыш бола алмайды деп сені таптап тастайды. Сол үшін барынша әлсіздік көрсетпейміз. Шынын айтатын болсам кейде бізді ұрып та алған. Қатты ашулы кезде сенің қыз екеніңе қарамайды. Бір нәрсе қате жасасаң кешірмейді.

Қанша сағат ұшып үйренген соң өзің жеке ұша бересің.

13 сағат үйретеді бізге. Содан соң өзіңді жеке жібереді. Соның өзінде жіті бақылап, дайын болсаң ғана жібереді. Өйткені бізде қателік жасасаң басың кетеді. Себебі қаншама адамның өмірі былай қарағанда саған байланысты ғой.

— Ең бірінші қасыңа адамдар алып ұшқанда қандай сезімде болдың?

— Әрине, басында қорықтым. Егер қазыр қателік жасасам не болады? Бұл кісілердің жауапкершілігі менің мойынымда ғой, Лаззат саған сенем дедім. Алматы әуежайынан ұштық Тараз қаласына қарай. Бір емес төрт диспетчермен байланысты болу керексің. Бәрі орысша, ағылшынша. Менімен бірге қатааал бастық отырды. Қорқыныш болды жасырмаймын.