Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.
2022 жылы Түркіменстанда халық санағы өтеді деп жоспарланған. Осы елдегі Азатлык радиосының хабарлауынша халық саны қазір шамамен 2,7 – 2,8 миллион адамды құрайды. Бұл ақпаратты басылымға үш тәуелсіз ақпарат көзі растаған. Олар мемлекеттік органдардың қызметкерлері және олардың халық санағын жүргізуге, жиналған мәліметтерді нәтижелерін талдауға тікелей қатысы бар.
Ақпаратты растаған бір қызметкердің айтуынша, халық санағын ұйымдастыруға тікелей жауапты ведомствалар Түркіменстанның президент әкімшілігіне беру мақсатында алдын-ала мәлімет жинақтап қойған. Жиналған мәліметтер көңіл көншітпейді: елдегі азаматтардың шынайы саны 2,7-2,8 миллион шамасында.
«Қазір «көлеңкелі санақты» жүргізіп болдық. Әртүрлі әдістер қолданылды, бірақ негізінен санақ әр үйге бару арқылы жүргізілді. Сонымен қатар, тікелей және жанама мәліметтер де қолданылды – әскерге шақырылғандардың, мектеп түлектерінің, университет студенттерінің, балабақшадағы балалардың, жазасын өтеушілердің, туғандар мен қайтыс болғандардың және жалпы көші-қон берген сандар негізге алынды. Соның барлығын ескере келе, Түркіменстан халқының саны шамамен 2 миллион 700 мың адамды құрады», — деп мәлімдеді ақпарат көзі.
Гурбангулы Бердімұхамедов ел басқарған уақыттан бері халық саны 6 миллионнан асады деген ресми ақпарат айтылып келген. Алайда, мамандардың айтуынша, билік осы уақытқа дейін бұл санды «қолдан жасап», шынайы санды жасырып келеді.
Түркіменстандағы күрделі демографиялық ахуал туралы 2019 жылы да жазылған. Ол кезде елден 1,9 миллион адамның көшіп кеткені айтылған еді.
Ел азаматтарының шетелге шығуына тосқауыл қою үшін Түркіменстан билігі қатаң әдістерді де қолданған. Соның бірі – мемлекеттік, бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің паспортын алып қою фактілері. Жаңа қаулыға сәйкес, бюджеттік салада еңбек ететіндерге енді паспорт берілмейді, ал паспорты бар азаматтар оны көші-кон қызметіне қайта тапсыруы қажет. Мемлекеттік органдардың басшыларына паспорты бар азаматтарды жұмысқа қабылданбауы керек деген бұйрық берілген. Сонымен қатар, 40 жасқа дейінгі азаматтарды шетелге жібермеу фактілері де тіркелген.