АП-162/3 мекемесінде 2022 жылдың бірінші күні сотталғандар арасында «Ең креативті мұз мүсіншісі» конкурсы өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, тоғыз жасақтың сотталғандары қар мен мұздан 14 мүсін жасаған. Әуесқой шеберлер қардан жолбарыстар, арыстандар, динозаврлар және басқа да туындыларды жасады. Оның ішінде биылғы жылдың символы ұзындығы жеті метрлік жолбарыс ерекше көзге түседі.
Бірінші жасақ бастығы әділет майоры Арман Жүсіповтің айтуынша, сотталғандар байқауға қыстың алғашқы күндерінен бастап дайындала бастаған.
«Сотталғандар жасақпен бірлесіп, қандай шығармашылық идеяларды іске асыратынын, мүсіндердің орналасуын талқылады. Шығармашылық жұмысты бастау үшін аяздың болуын күтті. Биыл қыстың басы жылы болды, қар да көп түспеді, бірақ соған қарамастан жаңа жылдың алғашқы күнінде байқау өтті. Мұз бен қарды қолданып, өз өнерін көрсету әркімнің қолынан келе бермейді. Мұнда қиял, өнердегі дағдылар, шығармашылық қажет.
Байқау барысында жасақтар арасында бәсекелестік байқалды», — дейді Арман Жүсіпов. Байқау қорытындысы бойынша бірінші жасақтың құрамындағы сотталған «Үздік мүсінші» атанды. Ол ынталандыру ретінде туыстарына кезектен тыс бейнеқоңырау арқылы хабарласу мүмкіндігіне ие болды.