Қазақстанда сатылатын Ресейден әкелінген сиыр етінің консервілері мен жартылай ысталған "Мусульманская" шұжықтарынан шошқа ДНҚ-сы табылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижелерін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің СЭБК "Ұлттық сараптама орталығы" бөліскен.
Наурызда халық тұтынатын тауарлардың сапасына мониторинг жүргізу аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 38 ет сынамасын сатып алғаны атап өтілді.
"Зерттеу нәтижесінде сиыр еті консервілерінің екі үлгісі және шұжық өнімдерінің бір үлгісі құрамына сәйкес емес болып шықты: "Мусульманская" жартылай ысталған шұжығы (өндіруші: Павлов А.С. жеке кәсіпкерлігі, Ресей, Башқұртстан); "Говядина тушеная высший сорт" кесек етті стерильденген консервілер (өндіруші: "Стандарт" Қорған ет комбинаты", Ресей, Қорған); "Говядина тушеная высший сорт" стерильденген кесек етті консервілер (өндіруші: "Орелпродукт" АҚ, Ресей, Орел облысы)", — делінген хабарламада.
Ведомство құрамында еті бар, тартылған ет, стерильденген "Свинина обеденная" консервілерінде тауықтың ДНҚ-сы табылғанын қосты (өндіруші: "Селятино" ет комбинаты, Ресей, Мәскеу облысы).
Осы заңбұзушылықтарға байланысты өнімдер құрамына сәйкес келмейтін өнімдер тізіліміне енгізілген.
"Ұлттық сараптама орталығы" филиалы мамандарының айтуынша, азық-түлік өнімдерін өндірушілер көбінесе қате таңбалайды, оның ішінде заттаңбада көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмейді.