Үкімет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын белгіледі - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-7 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын белгіледі

Үкімет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын белгіледі

Бүгін, 7-тамызда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарындағы басымдықтарды белгіледі,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 7 Тамыз 2003
  • 580
Фото - Caravan.kz

«Үкіметтің болашақ тактикасы экономикадағы жүйелік жаңартуларды жалғастыруға саяды»,- деді үкімет басшысы. Д.Ахметовтың пікірінше, қазіргі басты мақсат — жалпы рынокты, соның ішінде темір жол, телекоммуникация және энергетика салаларындағы монополияны жою және осы салаларды еркіндікке жіберу болып табылады.

Биылғы жыл соңына дейін ҚР ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігі әртүрлі категориялы абоненттердің мүмкіндігін теңестіру үшін тарифтердегі тепе-теңдікті жою кезеңіне дайындықтарды аяқтауға тиіс. Ал энергетика және минералды ресурстар министрлігін электр қуатының бөлшек сауда рыногінің нормативтік базасын қалыптастыру, сауда-саттыққа әзірлік жұмыстарын тиянақтау және аймақтық энергетикалық компанияларды жекешелендіру жұмыстарын аяқтау талаптары күтіп тұр.
Телекоммуникация саласындағы монополияны жою шаралары жалғасын табады : барлық байланыс операторлары халықаралық және қалааралық байланыс желісіне шығуға мүмкіндік алады. 2003-жылдың 1-қарашасына дейін «Қазақстан Темір Жолы» РМК бойынша құрылымдық өзгертулер жоспары жасалып тәмамдалады. Қазақстан темір жолдарының өткізгіштік қабілетін арттыруға, Ақтау теңіз айлағының мүмкіндігін кеңейтуге жасалатын қадамдар одан әрі жалғасады. Д.Ахметовтың айтуынша, автожолдарды дамыту саласында инфрақұрылымды дамыту басымдықтарын айқындау қажет. Алдын-ала жоспарланғанындай, 2004-жылы Саратов-Орал-Шымкент-Алматы-Қорғас бағыты назар төріне алынады.
Еліміздің индустриялық-инновациялық даму статегиясын жүзеге асыру үкіметтің басымдық берілген міндеті ретінде қала береді. Осы орайда үкімет басшысы Қазақстан даму банкінің іс-қызметі айтарлықтай нәтиже бере алмай отырғанына тоқталды. 2 жылда бұл банк 51 млн. долларға 9 жобаны қаржыландырған.
Сондай-ақ, үкімет отандық ғылыми потенциалды мейлінше тиімді пайдалануға көңіл бөлуі тиіс. «Қазіргіден де ауқымды ізденістерге түрткі болу үшін мемлекеттік ғылыми-зерттеу құрылымдарының жұмысын қайтадан қарап-қадағалау керек»,- деді үкімет басшысы. «Биылғы жылы ғылыми қорға 100 млн. теңге бөлінді, бұл қаржы толықтай ақталуға тиіс»,- деді ол. ҚР білім және ғылым министрлігі еліміздегі білім беру сапасына талдау жасап, осы саладағы міндеттерді жүзеге асыруға арналған нақты ұсыныстарды 1-қарашаға дейін үкімет қарауына беруі тиіс.
Мұнайгаз және металлургия кешендері Қазақстан экономикасының күретамыры ретінде қала береді. ҚР үкімет басшысының хабарлаынша, қазір Елбасының мұнай, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы жарлықтарына күрделі өзгертулер енгізуге дайындықтар жасалуда. Мемлекет мүддесі отандық мамандардың қатысуымен және жергілікті өнімдерді пайдалануға негізделген жаңа мұнай жобаларын жасауға саяды.
Тұтастай алғанда, еліміздің алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы «көңілге сенім ұялатады»,- деді премьер-министр. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 10,4% деңгейінде, өнеркәсіп өнімдерінің өсімі 9,6%-ке, ауылшаруашылығының өнімі 5,2%-ке артты. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12,9%-ке ұлғайды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе артық.