Елімізде бірінші жарты жылдықта шетелдік валютамен берілген несиелер ставкасы 10%-ке дейін кеміді, ал теңгемен берілген несиелер ставкасы орта есеппен 15,4%-ке дейін өсті - ҚР Ұлттық банк төрағасы - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-7 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде бірінші жарты жылдықта шетелдік валютамен берілген несиелер ставкасы 10%-ке дейін кеміді, ал теңгемен берілген несиелер ставкасы орта есеппен 15,4%-ке дейін өсті - ҚР Ұлттық банк төрағасы

Елімізде бірінші жарты жылдықта шетелдік валютамен берілген несиелер ставкасы 10%-ке дейін кеміді, ал теңгемен берілген несиелер ставкасы орта есеппен 15,4%-ке дейін өсті - ҚР Ұлттық банк төрағасы

Елімізде биылғы бірінші жарты жылдықта шетелдік валютамен берілген несиелер ставкасы 10%-ке дейін кеміді, ал керісінше теңгемен берілген несиелер ставкасы орта есеппен 15,4%-ке дейін өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко бүгін, 7-тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында хабарлады.

  • 7 Тамыз 2003
  • 700
Фото - Caravan.kz

Соңғы 4 жылда көлемі 5,5 есе өскен банк несиелерінің ставкасы туралы сөз қозғаған Г.Марченко бұл тұрғыда әкімшілік әдістерден ешбір қайыр болмайтынын жеткізді.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін «бәсекелестікті күшейтіп, шағын кәсіпкерлікті қолдау қорын нығайтуға назар аудару қажет».
Осыған байланысты Н.Назарбаевтың айтуынша, Ұлттық банк үкіметпен бірлесе отырып «банк монополиясын жоюға қадамдар жасауы, осындай тетіктер іздестіруі қажет. Шағын бизнесті төменгі өсімді несиемен қамтамасыз етуші сектор құру керек».
Г.Марченконың айтуынша, бірінші жарты жылдықта елімізде ресурстық база біршама артты. Айталық, 2003-жылдың қаңтар-маусым айларында таратылған несие көлемі 27,4%-ке өсіп, 1,3 трлн. теңгеге жетті. Бұл орайда теңгемен берілген несиелер көлемі үлкен қарқынмен артса, шетелдік валютамен берілген несиелер көлемі өзгеріссіз қалған. Шағын кәсіпкерлікке берілген несиелер көлемі 23%-ке артып, жалпы несиелер көлеміндегі үлес салмағы 23,1%-ті құрады.
Ұлттық банк төрағасы сондай-ақ, есепті мерзімде еліміздегі инфляция деңгейі 2,3%-ті құрағанын, Ұлттық банктің несиелік ставкасы 7%-ке дейін азайтылғанын атап өтті. Дүниежүзілік нарықта Қазақстанның негізгі шикізат өнімдерінің бағасы жоғары қалпында сақталуының арқасында еліміздің төлемдік балансы жақсарып, экспорт көлемі 1,5 есе өсті. Ұлттық банктің алдын-ала болжамы бойынша, осындай жағдайда ағымдағы төлемдік баланстың профицит көлемі Жалпы Ішкі Өнімнің 4%-і деңгейінде қалыптасты. Еліміз экономикасына құйылған шетелдік инвестициялар көлемі 0,8 млрд. долларға өсті. Жеке меншік сектордың сыртқы борышының көлемі 1,2 млрд. долларды құрады. Ұлттық банктің таза халықаралық активтері 4,5 млрд. долларды, Ұлттық Қордың активтері 2,7 млрд. долларды құрады. Теңгелік депозиттер көлемі 1,5 есе өсіп, 1-шілдедегі жағдаймен оның үлес салмағы 51,6%-ті құрады.
«Бірінші жарты жылдықта тұңғыш рет базардағы шетелдік валютаға деген ұсыныс көлемі сұраныстан арту көрінісімен тап келіп, теңгенің төтенше нығаюына жол бермеуге баса назар аударуға тура келді»,- деді бас банкир.
Г.Марченконың айтуынша, ұлттық валюта бағамының салыстырмалы тұрақтылығын сақтап қалуға және инфляцияны төменгі деңгейде ұстап тұруға Ұлттық банк тарапынан қаржы рыногіндегі артылған ақшаны стерилизациялауға жасаған белсенді қадамдар түрткі болған. Айталық, 2003-жылғы бірінші жарты жылдықта Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын шығару көлемі 4 есе, ал айналымдағы ноттар көлемі 3 есе артқан. РЕПО операцияларының көлемі 23%-ке өсті.
Жарты жылдықтағы тағы бір оң көрсеткіш ретінде Ұлттық банк төрағасы осыдан екі жыл бұрын Елбасы алға қойған мақсат орындалып, ел экономикасының доллардан бас тарту ағымы әкімшілік шара қолданбай-ақ жүзеге асуын атады.
Сондай-ақ, бас банкир жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі арқасында ішкі қаржылық жинақтар көлемінің арта түкенін атап көрсетті. Айталық, 2003-жылдың 6 айында зейнетақы активтері 16,7%-ке өскен. Халықтың белсенділігі арқасында қазір зейнетақы жарналары Жалпы Ішкі Өнімнің 15%-ін құрап отыр. Ұлттық банк төрағасының мәліметі бойынша, есепті мерзімде жалпы төлемдер мөлшері 60%-ке артып, 10 млн. теңгеге жеткен. Сондай-ақ, отандық банктер шығарған төлем карточкаларының саны 17 процентке артып 1млн. 750 мыңға дейін жетті.
Өз сөзін қорыта келіп Г.Марченко қазір Ұлттық банк 2007-жылдың 1-қаңтарында теңгені толыққанды конвертациялық валютаға айналдыру мақсатымен валютаны сатылы түрде либерализациялау шарасын қолға алғанын хабарлады.