Журналистің пайымдауынша, журналистика факультетіне түсіп, 5 жыл уақыт жоғалтудың қажеті жоқ екен. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Журналистикаға оқуға түсуді армандап жүргендерге үнемі айтамын: "керек емес" деп. Біздің елдегі оқу дегеніміз — бұл тағы 5 жыл гуманитарлы білім. Меніңше, тіл байлығын дамыту үшін көркем әдебиетті үйде де оқып алуға болады. Мақсатым — Отандық білімді қаралау емес. Оның өз бағыты мен көзқарасы бар. Онда берілген білімнің арқасында зор жетістікке жетіп жатқан жандар да аз емес. Бірақ… бізде қазір даму жоқ. Біздің мамандық қол жетімді кәсіпке айналып кетті. Юрий Дудь оны "жезөкшеліктен кейін тұрған кәсіпке" теңеп еді. Келіспеске амал жоқ.», — дейді Дина Төлепбергенова.
"Қазір біздің салаға басқаша ойлайтын милар керек. Меніңше, математика, физика, маркетинг, тарих, психология сынды арнаулы саланы бітіріп, бізге келсеңіз, Сіздің үздік болуға мүмкіндігіңіз көбірек! Анағұрлым көбірек", деді автор.