Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, өрт Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғызапан ауылына жақын маңында болған. Жалыннан "Сүйіндік қой зауыты" ЖШС-нің мыңнан аса еділбай тұқымды қойы тірідей жанып кеткен.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, өрт Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының аумағында тұтанған. Кейін Атырау облысына жайылған.
Серіктестіктің шопаны Уәлихан Қабдрахмановтың айтуынша, үйіне жақындаған кезде жел күшейіп, өрт өршіген.
"Балалар жатқан үйге әрең жүгіріп жеттім. Үйдің айналасындағы шөп жанып кетті. Соның салдарынан 1 039 қойдан айырылдым. Оның ішінде өз иелігімдегі малым да бар", — дейді Уәлихан Қабдрахманов.
Құрманғазы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мәліметінше, құрғақ шөп өртенген.
Ресей Федерациясының аумағынан тараған өртті сөндіруге 30 адам мен 4 техника тартылған. Жалынды ауыздықтауға Сүйіндік және Жалғызапан ауылдарының тұрғындары да атсалысқан.
"Құрғақ шөптің өртенуінен "Сүйіндік қой зауыты" ЖШС-нің 1 мыңнан аса еділбай тұқымды қойы жанып кетті. Соңғы аптада ауыл маңында үш рет өрт тіркелді. Өртке күннің қатты ысуы себеп болып отыр", — дейді Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшаров.
Өртенген мыңнан аса қойдың өлексесі Жалғызапан ауылы маңынан қазылған шұңқырға көмілген. Қазір өрттен келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Еділбай тұқымды қойдың салмағы 145 келі. Төрт айлық қозысының салмағы — 40-45 келі. Бұл құйрықты әрі етті қой тұқымына жатады.