Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР Көші-қон және демография агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы Шияп Әлиев хабарлады.
Жаңа оқу жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне 36 оралман бала оқуға түсті, олардың 11-і дайындық бөлімін бітіргеннен кейін жалпы негізде сынақтан өту арқылы студент санатына қосылған. Ал тест қорытындысы бойынша 48-95 балл жинаса да грант және кредит бойынша білім игеру құқығына ие бола алмағандықтан, оларды оқыту және ай сайын шәкіртақы төлеу міндетін облыстық бюджет өз мойнына алып отыр.
Балалар саз өнері, журналистика, кеден ісі, физика, биология, қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті тәрізді кең көлемді мамандықтар бойынша білім алмақшы. Олардың әрбіреуін оқыту үшін облыстық бюджеттен 98-110 мың теңге бөлінбек. Бұл туралы облыс пен университет арасындағы келісім -шартына қол қойылды. Ш.Әлиевтің хабарлауынша, оралман-студенттерді оқыту қаржысын облыстық бюджеттен жыл сайын бөліп отыру жоспарланды.