Жансая Көпжанова: «Әкем мені ерекше қолдайтын, қалауымды жасайтын» - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жансая Көпжанова: «Әкем мені ерекше қолдайтын, қалауымды жасайтын»

Жансая Көпжанова: «Әкем мені ерекше қолдайтын, қалауымды жасайтын»

Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы  — әйелдер арасындағы футболдан  халықаралық турнирлерде елміздің намысын қорғап жүрген құрама.

  • 28 Шiлде 2022
  • 109
Фото - Caravan.kz

Жеңіс жолдарын енді бастап келе жатқан ұжымдағы жас спортшыларымыз болашақтан үміт күттіреді. Қазақ қыздарының да футбол ойынына қызығушылығы күннен күнге артып келеді.

Айта кетсек, құрама тұңғыш рет 1995 жылы бас қосты. 2002 жылға дейін Азия футбол Конфедерациясына мүше болып, 2002 жылдан бері УЕФА туы астында сынға түсіп келеді. Әзірше әлем және Еуропа чемпионаттарына және жазғы Олимпиада ойындарына қатыспаған.

Ең жас спортшылардың бірі  Ұлттық құраманың және  «Томирис Тұран» құрамасының ойыншысы Жансая Көпжанова спортқа келу тарихы мен Қазақстанда әйелдер футболының жай-күйі мен басқа да сұрақтар төңірегінде Caravan.kz порталының тілшісіне сұхбат берді.

— Жалпы өзіңіз туралы айтып кетсеңіз. Туып өскен жеріңіз қай өңір?

— Туған жерім Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті.

Отбасымда ата-анам, екі ағам, бір әпкем бар. Ең кенжесі менмін. Өкінішке орай былтыр асқар тауымыздан айырылып қалдық. Ағаларым үйленген қазіргі таңда өз отбасылары бар.

— Спортқа қалай және қашан келдіңіз? Кәсіби түрде осы спорт түрімен айналысуға не түрткі болды?

— Кішкентай кезімнен спортқа жақын болдым, жақсы көрдім. Мектепте жүрген кезімде бір эстафеталық жарысқа дайындалып жүргенде, мені осы футболға алып келген Салтанат деген апайым бар. Сол апайым менің қызығушылығымды байқаған. Сосын мені футболға тренировкаға алып барды, байқап көр деп. Бірақ ол жерде бәрі меннен үлкен болды. Менің жасымда ешкім болмады. Басында барып жүрдім кейін қорықтым, менікі емес сияқты көрінді. Содан соң біраз уақыттан соң, футболға махаббатым қайтадан ашылып, сол үйірмеге қайта бардым. Әр түрлі жастағы қыздар командасына кірдім. Ол жерде Бек деген ағайым бар еді, сол кісі мені жазда бірінші рет жарысқа алып барды. 2012 жылы болу керек мен ол кезде үшінші сыныпты бітірген болатынмын. Бірінші рет қыздар арасындағы кәсіби жарысқа бардым. Сол кезде үшінші орын алған болатынбыз. Алғашқы үлкен қадамым осы кезде басталды.

— Футболға қанша жасыңыздан бастап қызықтыңыз?

— Қызығушылығым сол 3 сыныпты бітіргенде болу керек. Оған дейін қызыққаныммен ойнамаған едім.  Екінші сыныпта барамын деп жүргенде жазда мені жазғы лагерге жіберген үйдегілер. Кейін 3 сыныпта ғой ағайым шақырып алып, жарысқа алып кетті. Міне содан бастап осы спорт түрін қатты жақсы көремін.

— Ата-анаңыз сіздің бұл спорт түрін таңдауыңызға қарсы болған жоқ па?

Үйімдегілер аса бір қарсылық білдірген жоқ негізі. Бірақ кейде жаттығулар болыр қалып үйге кеш келіп, сабаққа үлгермей қалған кездерде ғана сөйлейтін еді. Сабағыңды оқысай үлгерімің нашарлап кетеді ертең деп. Саған футбол не береді ертең, сабақ оқы дейтін еді. Бірақ үйде ұстап қалып жібермей қою деген нәрселер болмаған. Әкем мені ерекше қолдайтын еді. Қалауыңды жаса деп айтатын еді.

—  Әйелдер арасындағы футболдан ең мықты бәсекелестеріңіз бар ма?

Әлі шетелдік құрамалармен ойнаған жоқпыз, сол себепті оларды әзірге айта алмаймын. Ал Қазақстан ішіндегі қарсыластарымыз “Биік — Қазығұрт” деп ойлаймын.

—  Жалпы қыз баласы үшін футбол деген жат спорт түрі деп жатады. Сіздің көзқарасыңыз қалай бұған?

Көп адамдар айтып жатады, неге футбол? Қыз балаларға жараспайды ғой деп. Басқа да спорт түрлері өте көп қой деп. Егер қыздардың қолынан келіп тұрса неге айналыспасқа?  Кішкентай кезден бастап осы спорт түріне барымызды салдық, еңбек еттік. Енді соңына дейін бару керек. Қаншама жыл еткен еңбегімнің жемісін жеу. Үлкен құрамаларда өнер көрсету менің мақсатым. Өзің қызығып жасаған жұмысыңның жемісін жеу бөлек нәрсе ғой. Жақсы нәтижелер көрсетіп дегендей. Сол себепті қыз, ұл демей кім не қалайды соны жасау керек деп ойлаймын. Біреудің пікірін тыңдай беретін болсақ өмін сүруге деген құлшыныс жоғалып кететін сияқты ғой.

—  Өзіңіз сияқты қыз балалар футболға қызықса, бірақ ата-анасы қарсы болса оларға қандай кеңес берер едіңіз?

Қыз болған соң, кез-келген ата-ана уайымдайды ғой, ол — заңдылық. Уақытын босқа өткізіп жатыр ма?, ертең бұл спорт не береді? Керек мамандық оқысын қайта деп ойланады. Сол себепті бірінші өзіңді сендіру керек, сонда ғана ата-анаңа сенімді түрде айта аласың. Футбол жаман емес жақсы жаққа итермелейтініне көздерін жеткізу керек. Мысалы кішкентай кезде тек сабақ және футбол ғой, осы екеуіне үлгерсе ата-анаға дәлелдесе болды менің ойымша. Сол үшін режиммен жұмыс жасау керек. Қойған мақсатымыздың айқын екеніне еңбек етуіміз керек. Болашақта керемет нәтиже болатынына сенуіміз керек. Қазір көп қыздар бар футбол ойнаймын деп сабақтарын тастап кетеді немесе жаттығуға кеттім деп басқа жақта жүреді, солай-солай сенімнен шығып қалады. Ата-ана футболды осыдан соң да жек көріп қалуы мүмкін. Қызымды бұзып жатқан футбол деп. Бәрі өзімізге байланысты ғой. Керісінше футбол жақсы жаққа өзгертіп жатқанын байқату керек, жаттығу жасайсың жақсы формада жүресің күшті нәрсе ғой негізі. Менде де ондай болған, сол үшін бәріне үлгеруге тырысатынмын. Футболға бару үшін сабақты жақсы оқитынмын. Біз қашан жақсы нәтиже көрсетеміз сол кезде бәрі өзгереді. Отбасымыз сол кезде бізге сенеді. Мен қандай жарысқа барсам да олар ақ жол тілеп жібереді. Ешқашан алдаған кезім болмаған.