Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийі әзірленді: доллар мен мұнай бағасы қанша - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийі әзірленді: доллар мен мұнай бағасы қанша

Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийі әзірленді: доллар мен мұнай бағасы қанша

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар, ал доллардың есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады.

  • 27 Тамыз 2022
  • 34
Фото - Caravan.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2023 – 2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023– 2027 жылдарға арналған үш сценарийі әзірленді.

"Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ті құрайды, оның ішінде 2023 жылы — 4%", деді Қуантыров үкімет отырысында.

Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110 доллар, бір доллардың бағамы 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжанып отыр.

Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60 доллар болса, ЖІӨ-нің болжамды нақты өсімі орта есеппен 3,5%-ті құрайды.

"Инфляция барлық сценарийде 2023 жылы 7,5-9,5%, 2024 жылы – 4-5%, кейіннен 2025 – 2027 жылдары 3-4%-ке дейін төмендейді деп белгіленді", — деді министр.


Қуантыров бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылатынын атап өтті. Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсімі 2023 жылғы 4,0%-тен 2027 жылы 4,2 %-ға дейін жеделдейді.

Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық саласында оң өсім күтілуде.

Айта кетері, алдағы бес жылға болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасына қатысты болжамдарын ескере отырып қалыптастырылды.

Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес, 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 %-ті құрайды.