2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елімізге жеткізілген көлікті заңдастыратын құжат қабылданды - Сенат - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елімізге жеткізілген көлікті заңдастыратын құжат қабылданды - Сенат

2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елімізге жеткізілген көлікті заңдастыратын құжат қабылданды - Сенат

ҚР аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру кезінде бастапқы тіркеу үшін 200 000 мың теңге сомасында алым мөлшерлемесін белгілеу ескерілген.

  • 24 Қараша 2022
  • 26
Фото - Caravan.kz

Сенаттың жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы  ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

«Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін әзірленді. Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту. Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микробизнес және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер жүзеге асырылады. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылып отыр. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр. Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескеретін болады. Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микробизнес және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді», — деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда бірыңғай төлем салық пен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, түзетулердің екінші блогы салалық заңнамалардағы өзгерістерге қатысты болып тұр. Конституциялық соттың құрылуына байланысты бұл сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын аталған баждан босату ұсынылып отыр. Келесі норма жер қойнауын пайдалану саласына қатысты. 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылады.

«Түзетулердің үшінші блогы отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған. Балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезінде қосылған құн салығын 70%-ға азайту туралы норма ұсынылды. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады. Қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылып отыр. Ал келесі норма тазартылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық банкке мұндай алтынды сату кезінде қосылған құн салығынан босату ескерілген. Осы норманы алтынды зергерлерге де сату кезінде қолдану ұсынылды», — деді министр.

Бұдан бөлек, түзетулердің келесі блогы жеке адамдардың төлемдеріне қатысты. Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалға алу құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салық салу тәуекелдері жойылды.


ҚР аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру кезінде бастапқы тіркеу үшін 200 000 мың теңге сомасында алым мөлшерлемесін белгілеу ескерілген.

«Электр тұрмыстық техниканы өндіру бойынша жеңілдіктер нарыққа қосымша инвесторларды тартып, жоғары мультипликативтік әсер береді, бұл өндірістік алаңдарды орналастыруды ұлғайтуға оң әсер етеді. 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегені үшін бірыңғай алымның белгіленуі 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасайды, сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көлік құралдарына салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады. Тұтастай алғанда аталған заң жобасы салық төлеушілерге, мемлекеттің мүдделеріне, сондай-ақ ел экономикасына оң әсерін тигізеді деп есептейміз», — деді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Еске салсақ, осы жолғы күздегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек екенін айтты.

«Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара», — деді Президент.

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елімізде рәсімделмеген 300 мың шетелдік көлік бар екенін айтты.