«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Досым Сүлеевтің гитарасы аукционға қойылады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Досым Сүлеевтің гитарасы аукционға қойылады

«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Досым Сүлеевтің гитарасы аукционға қойылады

«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы және оның алғашқы жетекшісі Досым Сүлеев өзінің 1974 жылғы гитарасын XIII қысқы қайырымдылық балының аукционына тапсырды.

  • 24 Қараша 2022
  • 61
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайтын «Жан досым» әнінің музыкасы дәл осы гитарамен жазылған.

«Біз бұл гитараны студент кезімізде ауылшаруашылық жұмыстарынан тапқан еңбекақымызға сатып алдық. Ол кезде жатақханада тұрдық. Онда электр гитара немесе фортепиано кіргізе алмайтынбыз. Сондықтан, қарапайым гитара сатып алдық. Бұл аспаппен жатақханада бірге тұрған қыздарға арнап ән айтатынбыз. Бізде үш гитара болды. Бұл – біздің соңғы сатып алған аспабымыз», — деді Досым Сүлеев.

Ол осы гитараны оған Мәскеуге оқуға кетер кезде музыка өнерін ұмыт қалдырмас үшін ансамбль мүшелері сыйға тартқанын атап өтті. Бұл уақыттарда Досым Сүлеевтің «Той жыры», «Алматы түні» сияқты әндері тыңдармандар арасында танылып үлгерген еді. Кейін Мәскеуде жүріп, жолдастары сыйлаған осы аспаппен «Жан досым» әнін жазған.

 

«Егер адам жастарға, балаларға және олардың болашағына мән бермесе, онда оның ақылы жоқ. Ал егер, балаларға аяушылық, жанашырлық танытпаса, онда оның жүрегі жоқ. Сондықтан, мен осы шараға қатысып отырмын. Ансамбльдің бірінші жетекшісі ретінде топ атынан біз үшін жәдігерге айналған заттарды тапсырғым келеді. Оны «Болашақ» қоры өз аукционында нақты құнынан қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны аса ауыр сырқаттары бар балалардың еміне бағыттайды», — деп тоқталды Досым Сүлеев.

«Болашақ» қайырымдылық қорының мәліметінше, 10 жыл ішінде 800 млн теңгеден астам қаражат жиналып, оған 70 мамандандырылған оңалту мекемесі мен 46 инклюзивті қолдау кабинеті ашылған. Сондай-ақ, аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 700-ден астам бала мен тұрмысы нашар отбасылардың балаларына көмек көрсетілген.


Айта кетейік, Досым Сүлеевтің гитарасы 8 желтоқсанда Астанада өтетін XIII қысқы қайырымдылық балында аукционға шығарылады.