Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Ongar_online телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мамандар жылу беру мекемесіндегі тергеу жұмыстарын аяқтап қалды. Тергеудің алдын ала қорытындыларына сүйенсек, апат станса қызметкерлерінің қате әрекеттерінен орын алған. 27 қараша күні аяз болғаны белгілі. Қызметкерлер жылу қысымын кенеттен бірден көтеріп, салдарынан онсыз да тозып тұрған жылу құбырлары бірінен соң бірі жарылған. Артынша судың ысырап деңгейі өсіп, орталықтағы қазандықтар тоқтаған. Апат орын алған 27 қараша күні шаһар бойынша 43, ал келесі күні 30 ақау анықталған. Мұндай кешенді апат Екібастұзда алғаш рет кездесіп отыр",-деді бірінші вице-премьер.
Журналистердің «Клебанов неге жауапкершілікке тартылмайды?» деген сауалына Скляр жауап беруден бас тартқан.
«Бұл қорытындылар тексеру тобының алдын ала ұйғарымдары екенін айтқым келеді. Негізгі апаттың жылу тораптарында болғанына назар аудару керек. Мақсатымыз ертеңнен бастап барлық тұрғын үйлерді аман-есен жылуға қосып, үйлер ішінде шыққан ақауларды қалпына келтіру. Кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке шақыру, жазалау шараларымен құқық қорғау органдары айналысады. Біздің штабымыздың барлық күш-жігері қала тұрғындарының мәселесін шешуге жұмылдырылады», — деген Роман Васильевич.