Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігімен (Адам өлтіруге оқталу) күдікке іліккен М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Биылғы 9 наурызда сотталушы М. бұрын өзімен бірге тұрған әйелдің үйінің ауласына кірген. Сол кезде әйелді өзге ер адамдармен көрген. Қызғаныштың салдарынан жәбірленушіге пышақ ала ұмтылған. Сөйтіп, жәбірленушінің басы мен денесіне пышақпен бірнеше жарақат салған. Осы кезде оқиға куәгері Ф. жүгіріп келген. Куәгер өзінің танысы Б.-ны көмекке шақырған. Айқайды естіп үйінен жүгіріп шыққан Б. жәбірленушіге қарай пышақпен кетіп бара жатқан М.-ны көріп, оның бетіне бұрышты баллонды шашып жіберген», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Жәбірленуші дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Прокурор сотталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші прокурордың пікірімен келіскен. Ал, сотталушы кінәсін ішінара мойындаған.
«Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен және бейнежазбалармен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде М.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның жас балаларының бары ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот М.-ға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.