"Әр блогер, әнші аяқасты белсеніп тыраштанбай-ақ қойса да болады": Журналист Түркияға киіз үй жіберу үшін жылу жинағандарды сөкті - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Әр блогер, әнші аяқасты белсеніп тыраштанбай-ақ қойса да болады": Журналист Түркияға киіз үй жіберу үшін жылу жинағандарды сөкті

"Әр блогер, әнші аяқасты белсеніп тыраштанбай-ақ қойса да болады": Журналист Түркияға киіз үй жіберу үшін жылу жинағандарды сөкті

Белгілі журналист Еркеғали Бейсенов Түркияға киіз үйге ақша жинап жатқандарды қатты сынға алды.

  • 9 Ақпан 2023
  • 5166
Фото - Caravan.kz

Ол Facebook парақшасында киіз үйді төтенше жағдай үшін қолданып, палатка деңгейіне түсіріп жіберуге болмайтынын айтқан, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

"Түркияға киіз үй жіберейік" деп ақша жинап жатқан жігіттерге таңғалдым. Киіз үй деген баспана ғой, жігіттер! Оны төтенше жағдай үшін жинап, палатка деңгейіне түсіріп жіберуге әсте болмайды! Біріншіден, төтенше жағдайға баспана емес, көп кісілік палаткалар арналған. Екіншіден, 3 млн теңге тұратын бір киіз үйдің орнына 600 мың теңгеге 20 адамдық бір палатка алған әлдеқайда тиімді. Тасымалдауға да оңай. Сонда түрік ағайындарға апаратын уақытша пананың саны жағынан да ұтасыңдар.

Ал "3 млн теңге — тым қымбат!" деп ойбайлап жатқандарға айтарым, киіз үй сүйегінің ағашы, оларды жымдастыратын қайыс, сыртқы киізін басу, арқанын есу… бәрі — қолөнер өнімі. Оны жасау оңай емес! Құны шебердің еңбегіне татиды. "Жұрт айтса болды, көп айтса көндім" пиғылымен көшке орта жолдан қосылып, бос байбаламдай беруді қою керек!" — деген ол.

"Сосын мемлекет 1 млн доллар аударып, 100 құтқарушы жіберген.
Сондықтан әр блогер мен әнші аяқасты белсеніп шыға келіп, әркімнен тиын-тебен жинап, "өртке бас-сирақ үйтіп алуға" тыраштанбай-ақ қойса да болады. Қайғыдан қаржы сауу әдетінен арылған жөн
", — деп түйіндеген сөзін.

Айта өтейік, Түркиядағы бір топ жұлдыздар да қор жинап көмектескен. Бұл жөнінде Айнұр Тұрсынбаева өз парақшасында "1 тәуліктің ішінде бірігіп Түрік бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, гуманитарлық жәрдемге 35 000 000 теңге жиналды", — деп жазған.