Балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 67 жасында өзіне қол салуына нендей себеп болған? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
+2 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 67 жасында өзіне қол салуына нендей себеп болған?

Балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 67 жасында өзіне қол салуына нендей себеп болған?

 «Қазақ әдебиеті» өкілдерінің өз-өзіне қол жұмсауына не себеп? Бұл туралы деректердің ашық айтыла бермеуіне не себеп? Бәлкім «өз-өзіне қол жұмсау – үлкен күнә» дейтін діни сенімге сүйенетін шығармыз. Бәлкім «өлімді айтсаң көбейеді», «өлім шақырма» дейтін дәстүрлі нанымнан шығар. Не «аспа – жұқпалы ауру» дейтін мистикалық үрейге бой алдырып алдық па екен... Ал, осы өлімдердің көлеңкесінде күрмеуі шешілмеген небір күмәнді ажалдардың жасырынып жатуы мүмкін екенін ойланып көрдіңіз бе? Себебі, бізде өзіне қол жұмсағандардың қазасын жасырып, «әлдебіреулердің» қатысымен келген ажалдарды «өз-өзіне қол жұмсапты» деп дабыра етіп жариялайтын түсініксіз бір система бар секілді көрінеді.

  • 9 Ақпан 2023
  • 1376
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Oinet.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ал балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың қазасы әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген күмәнді жайт екені жалпыға мәлім. Қадыр Мырза-әлі «Жазмыш» кітабында жазушының өлімі туралы: «Кейін Бердібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріптесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарымен түсіріп алғанын естідім. Қазақ баспасөзі оның қалай өлгені туралы шындықты бүгіп қалды. Біздің өзіміз түк білмедік. Қалың қазақ оқырманы әлі күнге шейін оның қалай қаза болғанынан бейхабар», – деп жазды.

Бірақ неге? Жазушының 67 жасында өзін асып қоюына нендей себеп болды? Тағы бір жұмбақ. Қадыр Мырза-әлі бұл туралы: «Қалай дәлелдесе де, мен оның асылып өлгеніне сенбеймін. Алдымен өлтіріп, содан кейін асып кетуі мүмкін. Бұл жағынан оның қазасы Сергей Есениннің қазасына қатты ұқсайды»,- деп болжам жасайды. Оған себеп те жетіп артылады.

Өмірінің соңғы кезеңдерінде жазушының артына үш әріп түскені туралы деректерді де көзіміз шалып қалды. Әлдебір тікбақай мінезі үкіметке жақпай қалып, қатаң бақылауға алынғаны ғой… Жазушының бірге қызмет атқарған замандасы Мұзафар Әлімбаев бір естелігінде 1958 жылдың күзінде жұмыс кеңсесіне бейтаныс жігіттің жылы шырай танытқансып, Бердікбектің идеялық позициясы, саяси ұстанымдары туралы сыр тарта сұрақтар қойғандығын, Әлімбаев Соқпақбаевқа қарсы ешқандай куәлік бермегесін, әлгі бейтаныс жігіт «онда сіз мені көрген жоқсыз» деп шығып кеткендігін жазады. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігі кезінде қазақ балалар әдебиеті проблемалары талқыланған кездесуде де Бердібек төбе көрсетпеген. Оны іздеуші, сұраушыларға «ауырып қалды ғой деймін» деген салғырт жауап қана қайтарылған. Осыдан кейін Бердібек өз еркімен жұмыстан да шығып кетеді. Бұл туралы М.Әлімбаев: «Осы күні ойласам, Б.Соқпақбаевтың журналдағы жұмысынан кетуіне сыртқы бір күштің ызғары тиген секілді»,- деп жазады. Демек классик жазушының да ажалы қою күдік пен күмәнге толы қара құлып. Бөлек жұмбақ.