"Әрең дегенде өлтіріп, содан бауыздадық, басын кесіп, етін Шымкентке әкеліп, тоңазытқышқа салдық": Бағлан Әбдірайымов итті қалай өлтіргенін айтып берді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Әрең дегенде өлтіріп, содан бауыздадық, басын кесіп, етін Шымкентке әкеліп, тоңазытқышқа салдық": Бағлан Әбдірайымов итті қалай өлтіргенін айтып берді

"Әрең дегенде өлтіріп, содан бауыздадық, басын кесіп, етін Шымкентке әкеліп, тоңазытқышқа салдық": Бағлан Әбдірайымов итті қалай өлтіргенін айтып берді

Әнші Бағлан Әбдірайымов итті қалай өлтіргенін Youtube желісіндегі "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтып берді.

  • 6 Наурыз 2023
  • 1055
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Newreporter.org порталына сілтеме жасап хабарлайды.

1,5 сағатқа жуық әңгіме әншінің өмірбаянындағы 20 жыл бұрынғы оқиғалар туралы естелікке құрылған. Дегенмен онысы музыкалық топтың құрылуы, әншінің шығармашылық жолы, бала кезіндегі арманы немесе ерекше отбасылық құндылықтары секілді мәнді естелік болса, мәселе басқа…

Жүргізуші қонақтың бір кездері Қайрат Нұртасты «ұрып-соққанын» еске салып, концертте бір әріптесімен неліктен төбелескенін, тойдан қалай ақшадан қағылғанын немесе достарының біріне неге ақша бермей кеткені секілді кәкір-шүкірді сұрайды. Мұның бәрі әртістің шығармашылығы туралы емес, қылмыскердің өткен дәуірдегі «ерліктері» туралы естелікке ұқсайды.

Салдарынан әңгіменің жартысына жуығы ешкімге қажеті жоқ, қызықсыз мән-жайды анықтауға жұмсалды. Жүргізуші әр деректі жайып салғаннан кейін қонақтан «Осы рас па?» деп қабағын түксите, екпін сала сұрайды. Ал қонақ оған күле қарап «Мұны қайдан таптың? Нағыз журналист осындай болуы керек» деп қайта-қайта мақтау айтады.

Әңгіменің шарықтау шегінде бағдарлама қонағы өткен ғасырдың қиын-қыстау 90-жылдары иттің етін жегені туралы естеліктерге келіп тіреледі. Бірақ ол мұны жейтін ештеңе болмағандықтан емес, ұзаққа созылған жөтелден айығу үшін істегенін айтады.

«Жарты жылдай ауырған деседі, қалай жазылдың, иттің етін жедің бе?» деп сұрайды жүргізуші. Қонақ мұны растап, мәселенің егжей-тегжейін айта бастайды.

«Иә, иттің еті шипалы, пайдалы дегенді естіп, досыммен бірге ауылға баруды жөн көрдік. Ауылға келдік, ит жоқ. Оны да әрең тапқынымыз есімде. Бір досымыздың апайында ит бар екен, соны ұрладық. Кешке қайнатып, сорпасын іштік. Таңертең Макстің тәтесі келіп тұр, че то итім жоқ деп. Оның итін түнде біз жеп қойғанбыз ғой», – дейді күліп Бағлан Әбдірайымов.

Алайда әнші емделу үшін көршісінің ғана итін жемеген екен. Бұл туралы «бәрін білгіш» жүргізуші еске салады.

«Бірақ бұл сіз жеген жалғыз ит емес екен иә? Айдар деген досыңыздың итінің басына қап кигізіп, балтамен 40 рет ұрып, бас сүйегін талқандапсыз, ал әлгі өлмей қойыпты. Осы рас па?», – деп сұрайды Нұрсейіт Жылқышыбай күліп.


Қонақ мұның бәрін растап, одан да қорқынышты мәліметтермен толықтырады: «Бұл Айдар досымыздың иті еді. Оны әрең дегенде өлтіріп, содан бауыздадық, басын кесіп, етін Шымкентке әкеліп, тоңазытқышқа салдық. Бірақ мұның бәрі балалық қой, небәрі 19-20 жаста едік», – деп күледі Бағлан Әбдірайымов.

ЖҮРГІЗУШІ МҰНЫМЕН ШЕКТЕЛІП ҚАЛМАЙДЫ. БАРЫНША ҚАТЫГЕЗДІКПЕН ӨЛТІРІЛГЕН БЕЙШАРА ИТКЕ ҚАТЫСТЫ ТАҚЫРЫПҚА ТІПТІ РАХАТ ТАБА ҚАЙТА ОРАЛАДЫ. «ОНЫ БАЛТАМЕН ҚАТТЫ ҰРҒАНЫҢЫЗ СОНШАЛЫҚ, ЖАҒЫН СЫНДЫРЫП ТАСТАПСЫЗ, БАС СҮЙЕГІНІҢ КҮЛПАРШАСЫН ШЫҒАРҒАНДА ҰСАҚ СҮЙЕКТЕР ЖАН-ЖАҚҚА ШАШЫЛДЫ ДЕСЕДІ ҒОЙ… АЛ СІЗ ОНЫ СОЙҒАННАН КЕЙІН НЕ БАЙҚАДЫҢЫЗ, ЕСІҢІЗДЕ МЕ? ОЛ ҰРҒАШЫ ИТ БОЛҒАН ЕКЕН, ІШІНЕН КҮШІГІ ШЫҒЫПТЫ ҒОЙ…», – ДЕЙДІ ЖҮРГІЗУШІ КҮЛКІСІН ТЫЙМАЙ.

Қонақ тағы да егжей-тегжейін айта бастайды: «Итті қалай өлтіріп, қалай сою керегін білмедік. Білетіндер былай істейсің деп, қолыма балта беріп қойды. Оны ұрғанда, қолың қалт кетеді, ит те қимылдай береді, соққы қаптың қай жерінен тиіп жатқанын біле алмайсың, сонымен оған кішкене зәбір көрсетіп, қатыгездік танытып жібердік», – деп күледі.

Осы сөздер айтылғанда жүргізуші тіпті өзін ұстай алмай, ішек сілесі қатып күледі.

Бұл ретте әңгімеге моральдық тұрғыдан баға берудің қажеті бар ма? Жүргізуші жануарға жасалған осыншама қатыгездікті қонағымен бірге бес минуттан аса күліп талқылайды. Арна авторы әншінің бұл әрекетін сөгу үшін емес, жәй қызық болсын деп еске алады.

Содан кейін түк болмағандай өнегелі сұрақтарға көшеді: «Өміріңізде не үшін ұяласыз?» Ал қонағы бұған мұңды кейіппен: «Осы күнге дейін әкеме көлік алып бермегенім ұят па? Ұят. Әке-шешемді бір шетелге апармағаным ұят па, ұят…» деп жауап береді.