Алайда бүгінгі балалар ертегі оқи ма, ертегілер заманға сай қалай түрленуде, жалпы балалар әдебиеті қалай дамып жатыр?
Осы сынды сауалдармен Caravan.kz медиа-порталы тілшісі ертегілері әлеуметтік желі арқылы таныла бастаған жас қаламгер Айым Алтайқызымен сұхбаттасып көрген еді.
— Ертегі жазуды қашан бастадыңыз?
— Бала кезімнен тақпақ, жұмбақ, ертегі құрастыруға қызығушылығым болды. Үйдегілер де бетімнен қақпай не шығарып келсем де ортаға тұрғызып қойып тыңдай беретін еді. Ойдан оқиғалар көп шығарғаныммен, қағазға жазып жариялаған емеспін.
Студент кезімде бауырларым ертегі айтып беріңіз деп сұрағанда интернетте дені дұрыс ертегі таппай ойдан құрастыруға мәжбүр болдым. Қазіргі буын не айтсаң да илана беретін балалар емес, сұрақ қойып, келіспейтін жері болса оны да ашық айта алады. Сондықтан, осы заманның озық ойлайтын балаларына арнап ертегі жазуды былтырдан бастап қолға алдым. Қазір шығармашылық қоржынымда елуге жуық заманауи ертегі бар.
— Қазіргі балалар ертегі оқи ма?
— Жаңа айтып өткенімдей “ертегі жаздым, оқисыңдар ма?” деп ешкімді қолқалағам жоқ. Бес-алты жасар іні-сіңілілерімнің өзі менен ертегі сұрап жүрді. Сұраныс бар болғандықтан да ертегілер өмірге келді. Оның үстіне заманауи ертегілердің ерекшелігі сол — оны тек балалар ғана емес, ересектер де оқи алады. Жалпы, адам баласына қандай да бір ақпаратты, білімді образды түрде игерген жақсы әсер ететін болса керек. Мен де ертегі кейіпкерлерінің басынан кешкен оқиғалары арқылы қоғамдық, әлеуметтік, психологиялық проблемаларды қозғауға тырысып жүрмін.
— Балалар қызыға ізденіп оқу үшін ертегіні қалай ұсыну керек деп ойлайсыз?
— Ертегіні балалардың жас ерекшелігіне орай аудио, видео, комикс форматында ұсынуға болады. Алайда, бала үшін ең пайдалысы — кітап бетін парақтап, өзі көз алдына елестетіп отырып оқыған ертегі. Кішкентай кезімде үйде Ыбырай Алтынсариннің “Таза бұлақ”, “Қазақ әдебиетінің христоматиясы” деген кітаптар болатын. Содан оқыған ертегі, әңгіме, мысалдар әлі жадымнан өшкен жоқ. Мәселен, “Әке мен бала” әңгімесіндегі жерде жатқан тағаны бір рет көтеруге ерініп, соны өткізіп ақшасына алған шиені жүз рет еңкейіп жеген баланың оқиғасы қандай әсерлі!? Көркем әдебиет сонысымен көркем, оны сол күйінде оқыған баланың жан дүниесі бай, қиялы ұшқыр, зейінді болады деп ойлаймын.
— Ертегілеріңізде қандай тақырыптарды көтересіз?
— Мен ертегі тыңдау жағынан жолы болған адаммын. Анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қандай сұрақ қойсам да ерінбей айтып, түсіндіруден жалықпайтын адам. Оның үстіне, әжемізді қаумалап, жатар алдында әңгіме, ертегі сұрайтынымыз тағы бар. Алайда, менің ертегі деген жанрға зердемді ашқан әкемнің қарындасы болды. Ол кісі төрт-ақ сыныптық білім алып, кейін мүгедек болып үйде отырып қалған кісі. Өздігінен жүре алмайды. Екі көзі көрмейді. Бірақ рухани бай, нағыз кемел кісі еді. Бізге неше түрлі би-шешендердің сөздерін айтып, өлең жаттатып, ертегілер айтып, оның мазмұнын сұрап өсірді.
Өзі кемтар бола тұрып, бізге ұстаз бола білді. Мен Нұргүл әпкемнің (Нука апа деп атайтын едік) әруағының алдында мәңгілік қарыздармын.
— Ертегіңіздің видео нұсқасын шығарған едіңіз. Неге жалғасын таппады?
— Ең алғаш әлеуметтік желіге видео форматта ертегім жарияланған болатын. Бірақ менің қолымнан иллюстрация салу, монтаж жасау деген жұмыстар келмейді. Үнемі басқалардан көмек сұрай алмайтын болғандықтан, қазір тек жазумен ғана айналысып, ертегілерімді мәтін түрінде ғана таратып жүрмін.
— Жалпы ертегі баланың қай жасынан бастап айтылады?
— Қазақ баласына құрсақта жатқаннан бастап тәрбие берген халық қой. Тіпті, аяғы ауыр әйелдің итке “кет!” деп айғайлауына тыйым салған. Соған қарағанда, ананың ішкен асы ғана емес, ішкі күйі, мінез-құлқы болашақ перзентіне әсер ететін болса керек. Сондықтан, жас ана жақсы әуен тыңдап, пайдалы нәрселер оқып, жақсы күйде жүргеннің артығы жоқ деп ойлаймын. Бір қызығы, мен ертегілерімнің тоқсан пайызын ішімде нәресте пайда болғанда жазып шығардым. Ғылыми диссертация, жастарға арналған шағын роман, жасөспірімдерге арналған әңгімелер де құрсағыма бала біткен кезде жазылып шықты. Өзімше оны да жақсы ырымға балап жүрмін.
— Ертегілеріңіздің көбі астарлы сияқты. Балаларға түсініксіз емес пе?
— Ертегілердің көбін ересек адамдардың өмірінде кездесетін проблемаларға бағыттап жаздым. Бірақ, бүгінгі бала — ертеңгі қоғамның мүшесі емес пе!? Осы бастан өз сезімдерін түсіне алатын, өз әрекетіне жауап бере алатын адам болып өсуіне ықпал еткім келеді.
Мысалы, “Күлшеқыз” ертегісіне еліктеймін деп көп қыздар “бір адам келіп мені бақытты етеді” деген иллюзиямен өмір сүргені жасырын емес. Алайда, адам мәңгі бір сиқырды күтіп өмір сүре алмайды ғой. Сондықтан, балаға шыншыл, бойына дұрыс құндылықтар қалыптастыратын, қисынға келетін, заманға лайық ертегілер керек-ақ.
— Ертегілеріңізді тек желідегі парақшаңызға жариялап жүрсіз бе?
— Ертегілерім сайттарда, журналдарда жарияланып тұрады. Жақында бір белгілі баспа ертегілер кітабын және ересектерге арналған мысал-әңгімелердің жинағын шығаруға ұсыныс тастады. Қуана қабыл алдым. Қазір қос кітапты шығару жұмыстары басталды. Алдағы уақытта оқырманмен қауышады деген сенімдемін.
— Ертегі оқып беретін ата-ана қалай қалыптасады?
— Меніңше жұмыстан шаршап келген, күнделікті тіршіліктен құр сүлдері қалып отырған ата-анаға «Балама ертегі оқып берейінші» деген ойдан қарағанда «Мультфильм қосып бере салайыншы» дегені жеңіл. Неліктен? Себебі, қазір мультфильм өте көп. Таңдау да көп. Дәл сол сияқты ертегінің де насихаты жақсы болса, ата-ана жақсы дүниені міндетті түрде баласына беруге тырысады. Сондықтан, ғаламторды, әлеуметтік желіні ашсаңыз да заманға сай, ата-ананың өзіне де қызық, ой салатын ертегілер көбірек болуы керек деп ойлаймын.
— Қазір не жазылып жатыр?
— Қазір ізденіс үстіндемін. Адамдарға оң әсер етіп жатқанымды естіп, жақсы пікірлер көбейген сайын сапалы дүниелер жарыққа шығаруға ықыласым артты. Жасөспірімдер жаппай оқитын повесть, романдар жазу жоспарымда бар.
— Сұхбатыңызға рақмет!