Білікті маманның айтуынша, елімізде сайлау әділ өтпеген әрі «халық та, үкімет те өзгерістерге әлі дайын емес.
Көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселерді қаузаған экономист биылғы Жетісу облысы бойынша сайлауға түскен еді. Мақсат Халықтың сөзінше билік бұрынғысынша қитұрқы әрекеттерді іске асырып, сайлау әділ өтпеген.
«Сайлау әділ өткен жоқ. Сайлауға келген халықтың нөпірі өте аз. Халықта Үкіметке деген сенім қалмаған. Өйткені нақты өзгерістер болып жатқан жоқ. Бізде Парламентке жиналып жатқан 98-дің депутаттың 63-і «Аmanat» партиясынан болып тұр. Осыдан кейін қандай өзгеріс туралы айтуға болады? «Аmanat» партиясы 40 адамды партиялық тізіммен өткізді де, жеке мандаттық тізім бойынша тағы 23 адамды өткізді. Мұның барлығы нені көрсетеді. Яғни өңір бойынша берілген 29 мандаттық орын, соның 23-ін «Аmanat» алып отырса, онда бұл жерде қитұрқы саясаттан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын. Жалпы ол жаққа тым құрыса партиялар араласпауы керек еді. Халықтың арасында танылған азаматтар бір мандаттық жүйемен өткенде, мүмкін белгілі бір дәрежеде қазіргі Парламенттің құрамы сапалырақ болатын еді деп ойлаймын», — деді ол.
Сонымен бірге сарапшы саяси дода барысында көптеген заң бұзушылықтар орын алғанын айтты.
«Жалпы сайлау барысында да өте көп заң бұзушылықтар болды. Әсіресе сайлау комиссиялары мүшелерінің тарапынан. Мысалы келмеген адамды «келді» деп жазып жіберу дегендей. Мен бүкіл Талдықорған қаласы бойынша 40 бақылаушыны көрдім. Соның ішінде статистикаға қарасақ, кейбір сайлау учаскелерінде ең аз дегенде халықтың 13 пайызы келген. Ал ең көп дегені 25 пайыздан сәл ғана асқан. Сонда орташа есеппен халықтың 20 пайызы ғана келіп тұр ғой? Ал бірақ біз басқа статистиканы көрдік.
Жалпы сайлауға түскен Жетісу облысы бойынша 400-ден астам сайлау учаскелері болса, солардың ішінде мен бақылаушылардың 10 ғана пайызын қамтып тұрмын. Бірақ өзге де кандидаттардың талдауларына қарасақ, оларда да сондай фактілер байқалатынын айтады. Сондықтан да бұл жерден бір ғана мәселені көруге болады. Бізде халық та, Үкімет те әлі өзгеріске дайын емес. Бақылаушылардан сұрасақ: «Бұрыннан осылай өткіздік емес пе?» дейді. Соған қарап еріксіз біздің елде әлі өзгерістің ауылы алыс екенін көресің», — дейді экономист.