Оқушы қыздарды папиллома вирусына қарсы вакциналау алғаш рет бірнеше өңірде 2013 жылы басталған еді. Сол уақытта бұл пилоттық бағдарлама болатын. Алайда егу науқаны ұзаққа созылмады. Павлодардағы оқиғадан кейін ата-аналар үрейленіп, вакцинадан жаппай бас тартты. Артынша үкімет бағдарламаны тоқтатуға мәжбүр болды. Енді, міне араға он жыл салып вакцинация қайта жанданғалы жатыр.
Папиллома вирусынан неге ерте жастан қорғану керек? Екпе нақты кімдерге егіледі? Вакциналау науқаны тағы да сәтсіздікке ұшырамай ма? Вакцина бедеулікке әкелетіні рас па? Sputnik Қазақстан тілшісі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты онкогинекология орталығының жетекшісі Ерлан Кукубасовпен әңгімелесіп, осы және өзге де сұрақтарға жауап алды.
Вирус несімен қауіпті
Адам папиллома вирусының 100-ден аса типі бар, соның ішінде 14-і онкогенді саналады. Әсіресе, 16-шы және 18-ші тип – ең қауіпті, жатыр мойны обырына шалдығу ықтималдығы жоғары.
Қазақстанда жатыр мойны ісігі әйелдерде кездесетін онкологиялық аурулардың арасында екінші орында тұр. Елімізде жыл сайын екі мыңға жуық әйел осы дертке шалдықса, 600-ге жуығы қайтыс болады. Ал әлемде әрбір екі минут сайын жатыр мойны обырынан бір әйел көз жұмады.
Дәрігер Кукубасовтың айтуынша, папиллома вирусы негізінен адамнан адамға жыныстық жолмен жұғады. Десе де киім, орамал арқылы – тұрмыстық жолмен берілу фактілері де кездесіп жатады.
"Жыныстық қатынасқа түсетін ересектердің 90 пайыздан астамы папиллома вирусын жұқтырады. Мысалы, пәктігін сақтаған қыз тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінен вирус жұқтыруы мүмкін. Өйткені жұбайы – вирусты тасымалдаушы. Сол себепті онкогенді папиллома вирусы тек жатыр мойны обырына әкеп соғады деп ойлау – қате түсінік. Ер адам да жыныс мүшесі қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін", — деп түсіндірді онколог.
Оның айтуынша, вирус симптомсыз дамиды. Егер адамда ауру белгілері байқала бастаса, бұл бірінші, екінші немесе төртінші стадиядан хабар береді.
2013 жылғы бағдарлама неге сәтсіз аяқталды
Осыдан он жыл бұрын Астана, Алматы, Павлодар және Атырау қалаларында оқушы қыздарды папиллома вирусына қарсы вакциналау басталды. Пилоттық режимде қолға алынған бағдарлама аясында 17 мыңнан астам жасөспірімге екпе егілді. Алайда Павлодарда екі қыз вакцинадан кейін есінен танып құлағаннан кейін, денсаулық сақтау министрлігіне жан-жақтан қысым жасалып, ақыры бағдарлама жабылып тынды.
"Бәрі сол оқиғадан кейін басталды. Маған тіпті парақшама екі бала қайтыс болды деп жазғандар бар. Алайда мұның бәрі өтірік. Қыздар неге есінен танды? Вакцинаны мектепке еккен. 9-12 жастағы қыздар, мұндай жаста өте әсершіл келеді, екпе кабинетінен шыққан соң, бір-бірімен сөйлеседі, бөліседі. Эмоционалды жасөспірім қыздар есінен танып қалуы мүмкін. Ол жерде нақ вакцинаның өзіне реакция болмаған. Бұл организмнің жалпы реакциясы. Құдайға шүкір, есінен танған қыздар аман", — дейді Кукубасов.
Осы орайда біз одан он жылда Қазақстанда жатыр мойны обырымен байланысты жағдай қалай өзгергенін сұрадық.
"Өкінішке қарай вакцина алуға тиіс болған қыздар вакциналанған жоқ. Егер 2013 жылы бағдарлама тоқтап қалмағанда, ауру көрсеткіші төмендер еді. Қандай да бір нақты нәтиже туралы айту үшін кемінде 15 жыл қажет. Яғни біз бес жылдан кейін аурудың және өлім-жітімнің шынымен азайғанына куә болар едік. Ал қазір өкінішке қарай, жатыр мойны обыры "жасарып" жатыр. Бұрын 50-55 жастағы әйелдер шалдықса, қазір 44-45 жасқа дейін төмендеді", — дейді онкогинеколог.
Айтуынша, аурудың алдын алу үшін елімізде скрининг жасалады, бірақ ол науқастардың санын азайтуға қауқарсыз.
"Скринингтің көмегімен қатерлі ісікке апаратын немесе ерте кезеңдегі аурулардың санын ғана қысқарта аламыз. Алайда бұл жалпы статистикаға әсер етпейді. Ауру дендеп барады. 2022 жылы жатыр мойны обырына 1 937 адам шалдықты, 602 әйел қайтыс болды",- деп келтірді дәрігер қайғылы статистиканы.
"Мини бомба"
Вакцинаға қарсылар екпенің арты бедеулікке әкеп соғатынын жиі алға тартады. Алайда ақхалаттылар мұның жай ғана миф екенін дәлелдеп отыр.
"Біз бұқаралық ақпарат құралдарынан 2013 жылы папиллома вирусына қарсы вакцина салдырған және бүгінде ана атанған қызды табуды өтіндік. Сондай келіншекті таптық та. Ол ұл баланы дүниеге әкелген. Яғни, бұл вакцинаға қарсы шығып жатқандар үшін нақты мысал", — деп бөлісті қуанышты жаңалығын Кукубасов.
Айтуынша, қазір он жыл бұрын папиллома вирусына қарсы егілген қыздар арасында зерттеу жүргізіліп жатыр. Әзірге нәтиже жаман емес.
"Дәл қазір мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында зерттеу жүріп жатыр. Бұл институттың ғылыми бағдарламасы. Жұмыс аяқталғаннан кейін деректер жарияланады. Қазір біздің қолымызда алдын ала мәліметтер бар, олар өте жақсы. Менің ойымша, осы жүргізіліп жатқан зерттеу вакцинаға қарсылар үшін "мини бомба" болатын сияқты. Өйткені шынымен де нәтиже бар. Яғни сол жылдары вакциналанған қыздарда вирустың ең қауіпті типтері атымен жоқ", — деп мәлімдеді онколог.
Вакцинация 2024 жылы қайта басталады
Келесі жылы 9-11 жастағы оқушы қыздарды папиллома вирусына қарсы егу Қазақстанда қайта басталады. Вакцинация егу күнтізбесіне енгізілген. Яғни, әр жыл сайын салынып тұрады.
"Вакцинация ерікті түрде жасалады. Міндетті түрде ата-ананың келісімі қажет. Ешкімге мәжбүрлеп екпе екпейді. Вакцина тегін болады. Республика бойынша вакциналау науқаны бір уақытта басталады. Қазір біздің алдымызда жыл соңына дейін медицина қызметкерлерін дайындау, қоғамға толық ақпарат беру міндеті тұр. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлері арасында да вакцинаға қарсылар бар, кейбірі тіпті жоғары лауазымда отыр. Сол себепті оқыту, түсіндіру жұмыстары медицина қызметкерлері арасында да жүргізіледі. Оқу-ағарту министрлігі де жұмылдырылуы мүмкін",- дейді онкогинеколог.
Жасөспірімдерге әзірге қанша дозалы вакцина егілетіні белгісіз. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі дозалы вакцинаны сатып алуға шамасы жетпейтін дамушы елдерге бір дозалы вакцинаны ұсынған. Өйткені бір дозалы вакцина да өз тиімділігін көрсетіпті. ДССҰ бір дозаның өзі папиллома вирусына қарсы иммунитетті қалыптастыруға қауқарлы деп отыр.
Кукубасовтың айтуынша, елімізде оқушы қыздарға вирустың төрт – 6, 11, 16, 18 типтерінен қорғайтын вакцина егілуі мүмкін.
Вакцина ұлдарға қажет пе
Бүгінгі күні жүзден аса елде адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынады. Кейбір мемлекеттерде тіпті ұлдарға да егіледі. Себебі вирусты тасымалдайтын негізінен солар.
Қазіргі таңда көптеген ел вакцинаның жемісін көріп отыр. Мәселен, 2019 жылы Италия вакцинадан кейін жатыр мойны обырының жаңа жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді. Вакцинацияға дейін ауырған науқастар ғана қалған.
Екі-үш жыл бұрын Австралия да жатыр мойны обырының жаңа жағдайы анықталмағанын жариялады. Ал былтыр Түркия қуанышты жаңалығын бөлісті.
Кукубасовтың пікірінше, болашақта ұлдарға да папиллома вирусына қарсы вакцина егілуі әбден мүмкін.
"Бізге, ең алдымен, алғашқы қадамды жасау керек. Ақырындап әрекет етпесек болмайды. Яғни қазір егілетін жасөспірім қыздардың пайызын көбейту қажет. Мысалы, Өзбекстанда, қателеспесем, қыздарды вакциналап жатқанына екі жыл болды. Бүгінде екпемен 95 проценті қамтылған. Менің ойымша, біз болашақта ұлдарды вакциналауға келеміз", — дейді дәрігер.
Папиллома вирусы емделмейді
Ерлан Кукубасовтың айтуынша, ешқандай препарат адам папиллома вирусын емдемейді. Біріншіден, препараттар өте қымбат. Екіншіден, ағзаға, бауырға зиян тигізеді. Үшіншіден, препарат вирустың титрын төмендетуге ғана көмектеседі.
"Кейбір дәрігерлер папиллома вирусын емдеуге тырысады. Бірақ бұл мүмкін емес. Біздің міндетіміз осыны гинекологтар мен акушерлерге түсіндіру. Мысалы, жыныстық қатынасқа түсіп жүрген 20 жастағы қыз вирус жұқтырса, ол жатыр мойны обырына шалдығу қатері бар адамдар тобына кіреді. Сол себепті гинекологқа жиі қаралып, жатыр мойнын тексертіп тұруға тиіс. Жатыр мойны обырының дамуы – ұзақ процесс. Әр төрт жыл сайын скринингтен өтуге болады. Егер қандай да бір патология анықталса, мұндай пациенттерді бақылау және емдеудің алгоритмі бар. Яғни қатерлі ісікке дейін апармайды", — деп түсіндірді Кукубасов.
Айтуынша, аурудың алдын алудың бірден бір жолы – вакцинация.
Осы орайда Кукубасов қыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға кеңес берді.
"Егер қызыңыздың дені сау, ғұмыры ұзақ болғанын қаласаңыз, онда вакцинаға қарсымын немесе қолдаймын деп емес, ең алдымен олардың өмірін ойлаңыз. Қыздарға жатыр мойны обырынсыз өмір сүру мүмкіндігін сыйлау қажет", — деді онкогинеколог.