С.Филипстің пікірінше, Форумның пайдасы «ұшан-теңіз әрі қазірден-ақ айқын». Өйткені, Батыстағы көптеген журналистер Азия аймағындағы оқиғалардан хабардар болуды қалайды. «Еуразиялық МедиаФорум — Батыс пен Шығысты өзара байланыстыратын ерекше тетік іспетті»,- дейді С.Филипс.
Еуразиялық МедиаФорумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева форумның қазақстандық журналистерге әкелетін пайдасына тоқталды. «Ол — есімдері өзіндік «тауарлық белгіге айналған» танымал адамдармен көзбе-көз танысуға берілетін бірегей мүмкіндік болмақ». «Форум дегеніміз — бірінші кезекте таныс-білістік, тікелей қарым-қатынас, пікірталас, түрлі саладағы соңғы жетістіктермен таныстық, ең бастысы — әлемнің әр түкпірінен келген әріптестермен іскерлік, достық, әріптестік байланыстар орнату деген сөз»,- деді Д.Назарбаева. Ол «журналистер үшін бұдан артық мастер-класс немесе бұдан артық тренинг-курс ойлап табу қиын» деген сенімде. «Осы үш күнде дүниежүзі біздің алақанымызда тұрғандай болмақ».
Форумның Лондондық тобының жетекшісі Сьюзен Филипс: «бұл шара Қазақстанның демократиялық дамуына бір дәлел»,- деп атап өтті.
«Форум аясындағы ашық пікірталастар да оған дәлел. Өйткені, ондай пікірталастар тек ел ішінде ғана емес, шетелдерде де белсенді насихатталады»,- деді ол.
Үшінші Еуразиялық МедиаФорум ертең, 22-сәуірде Алматыда басталады. Оған әлемнің 50-ге арта елінен келген журналистер, зерттеушілер, сарапшылар мен талдаушылар қатысады. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Форум жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашады. Сондай-ақ, форумға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Ян Кубиш, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарты ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжа, ЕурАзЭҚ бас хатшысы Григорий Рапота сынды ресми адамдар қатысады.