Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) өкілдері Қазақстанда кейінгі жылдары қанша тұтқын түрмеден қашқанын айтты, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында ҚАЖК 2017 жылдан 2023 жылдың наурызына дейінгі аралықта қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 23 қашу дерегі болғанын хабарлады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында барлық қашқын бірінші тәулікте ұсталып, бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылған.
Әр қашу оқиғасы бойынша тергеу жүргізілген. Сарапшылар бас бостандығынан айыру орындарынан қашу ғимараттар мен күзет құрылымдарының техникалық беріктігінің жеткіліксіздігінен болғанын анықтады. Қазір осыған байланысты ҚАЖК "қашуға қарсы" жұмыс жүргізіп жатыр.
Ведомствоның баспасөз қызметі 2023 жылдың аяғына дейін мекемелерде үздіксіз бейнебақылау жүйесін енгізу бойынша монтаждау жұмыстары аяқталатынына сендірді, бұл — арнайы контингентті қадағалау мен бақылау сапасын айтарлықтай жақсартады.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның баспасөз қызметі Қазақстанда жазасын өтеп жатқан тұтқындардың санын жариялады. Биылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 34 702 адам бар, оның 6 567-сі тергеу изоляторларында, 28 135-і түзеу мекемелерінде.