Сотқа шағым берушілер — Алматы қалалық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті мен Алматы қалалық және Алматы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдары болса, сотқа жауапкер ретінде Ақсай нан комбинаты шақырылды.
А.Сәдудің айтуынша, қазіргі жағдаймен халық арасында танымал «Жай нан» өнімі Алматы рыногының 46 процентін иемденіп отырған Ақсай нан комбинаты монополист болып табылады. «Жай нан»-ның бір бөлкесі 26 теңге, ал «Алматы» жай нанының бағасы 28 теңгені құрайды.
Осы орайда А.Сәду ЖШС 2004-жылдың 1-қаңтарынан бастап «Жай нан» өндіру мөлшерін бұрынғы 1 602 тоннадан 519,6 тоннаға дейін азайтып, «Алматы наны» деп аталған жаңа өнімнің 822,6 тоннасын өндіре бастады. Бірақ бұрынғы «Жай нан» «Алматы наны» ретінде сатылуда. А.Сәдудің айтуынша, серіктестіктің бұл әрекетін «тұтынушыларды алдау» деп тануға болады. Сондай-ақ, А.Сәдудің уәжіне сенсек, «комбинат департаментпен келіспестен нан бағасын 7,6 процентке білермендікпен қымбаттатып жіберген. Бұл — бәсекелестік туралы заңды өрескел бұзу және «Жай нан»-ға қасақана тапшылық тудыру болып табылады». «Департамент сотта осы жайтты дәлелдеп беруі тиіс».
«Ақсай» нан-тоқаш комбинаты ЖШС-не тағылып отырған тағы бір айыпқа комбинаттың өз құрылтайшысы — «Ардагер» Қаржылық-өнеркәсіптік корпорациясының негізгі ұнмен қамтамасыз етуші ретінде көрсетілуі арқау болып отыр. Нан -тоқаш комбинаты «Ардагерден» бірінші сортты ұнды үстеме бағамен сатып алып отырған. Сөйтіп, серіктестік пен құрылтайшының әрекетінен «Жай нанның» бағасын негізсіз қымбаттатуға бағытталған сыбайластық сипат қылаң береді. Бұл өз кезегінде серіктестік өнімін сатып алушы заңды және жеке тұлғалардың заңды мүддесіне қайшы келеді,- дейді департаменттегілер.
Ал жауапкер «Ақсай» ЖШС-нің қорғаушылары қалалық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бұл әрекетін «қудалау» ретінде танып отыр. Мәселен, нан комбинатының кеңесші-заңгері Әдия Арынғазиева «шағымды негізсіз» деп атап, жауапкердің айып-шағыммен, соның ішінде «монополиялық кіріс» деген уәжбен «әзірге» келіспей отырғанын жеткізді. Ә.Арынғазиеваның айтуынша, монополияға қарсы заң талаптары бұзылған жоқ.