Алдын-ала мәлімет бойынша, мұнай құбыры биылғы жылдың тамыз айында тартыла бастайды. Болжамдық есеп бойынша, құбырдың жобалық құны 688 млн. долларға тең. Бастапқы кезеңде құбырдың қуаты жылына 10 млн. тонна мұнай тасымалдауға жетеді.
Кеше қол қойылған екі мемлекеттің бірлескен мәлімдемесінде Қазақстан мен Қытайдың мұнайгаз саласындағы өзара ынтымақтастықты пәрмендендіру ниеті жария етілген.
Бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, «екі елдің жағрафиялық жақын орналасуы мен екі ел экономикасының жоғары деңгейде бірін-бірі толықтыру қабілеті — мұнайгаз саласындағы етене жақын ынтымақтастыққа негіз деген тараптар пікірі бір жерде тоқайласады». «Бұл саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету екі жақтың да экономикалық дамуында стратегиялық маңызға ие».
«Қазақстан Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі мұнай кеніштерін игеру және барлау жұмыстарына Қытай мұнай компанияларының қатысуын қолдайды».
Тараптар сондай-ақ, Қазастаннан Қытайға дейін газ құбырын тарту жобасына талдау жасау жұмыстарын да пәрмендендіреді.