Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, Қазақстан мен Қытай «әлемде БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың жаппай мойындалған нормаларына арқау болған принциптер мен мақсаттар негізінде әділетті әрі демократиялық тәртіп орнығуын қолдайды».
«Тараптар халықаралық дау-дамайлардың бейбіт жолмен шешілуін, халықаралық қатынастар жүйесін жетілдіруді, дүниежүзінде БҰҰ-ның шешуші ролін қамтамасыз етуді, даму модельдерінің сан алуандығына түрткі болуды қолдайды».
Сондай-ақ, Қазақстан жағы бірлескен мәлімдемеде Қытайдың біртұтастығын сақтау саясатын қолдайтындығын тағы бір атап өтті. «ҚХР үкіметі — бүкіл Қытай атынан сөйлей алатын жалғыз заңды билік болып табылады». «Тайвань — Қытай аумағының ажырамас бөлігі». Қазақстан жағы «екі Қытай, немесе, бір Қытай, бір Тайвань құру, «Тайваньнің тәуелсіздігі», Тайваньнің егеменді елдер ғана мүшелікке өтетін халықаралық және аймақтық ұйымдарға бірігуі туралы» кез-келген идеяға қарсылық білдіреді»,- делінген құжатта. Қазақстан жағы сондай-ақ, «Тайваньмен ресми қарым-қатынас, ұзақ мерзімді жеке байланыс орнатуға құлықсыз» деп мәлімдеді.