Қ.Әйтекеновтың түсініктемесіне жүгінсек, тұрғын үй құрылысын салуға несие беру банктер арқылы емес, жергілікті атқару органдары арқылы жүзеге асырылатындықтан, мемлекет қоржынынан қосымша шығын шықпайды. Қазынашылық мекемеден әкімшіліктерге бөлінген қаржы құрылыс салушы ұйымды іріктеуге бағытталған байқау процедуралары толық аяқталмайынша депозитте жата береді. «Процедуралар ашық жүргізіледі. Әкім тікелей байқауға қатыспайды. Комиссия құрамына құрылыс істері жөніндегі комитет өкілдері, БАҚ-тар, депутаттар, құрылыс саласындағы тәуелсіз аудиторлық ұйымдар енеді»,- деді Қ.Әйтекенов. Демек, оның пайымдауынша, «бұл мәселеде сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі деуге болмайды».
Сондай-ақ, вице-министрдің пайымдауынша, тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы банктер үшін қауіп-қатерді азайтып, тәуекелге бару деңгейін төмендетеді. Ал тәуекелділік деңгейін төмендетуге «міндеттемелерді Қазақстан ипотекалық компаниясының өзіне жүктеп алуы мен ипотекалық несиелерге кепілдік беру қорының құрылуы» септігін тигізбек.