Заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосыновтың айтуынша, «заң жобасының басты мақсаты — Қазақстан Республикасында аралық соттардың іс-қызметін ұйымдастыруға нормативтік-құқықтық база қалыптастыру, сондай-ақ, аралық соттардың шешімін орындау тәртібін белгілеу болып табылады».
Оның айтуынша, қабылданған жағдайда «заң жобасы заңды және жеке тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық келісім-шарттарына байланысты туындаған дау-дамайларды реттеуде қолданылатын болады».
С.Бекбосыновтың айтуынша, дау-дамайларды аралық сот институттарында қарау үрдісін дамытудың өзектілігі «бірінші кезекте, азаматтық-құқықтық келісім-шарттарына байланысты туындаған дау-дамайларды реттеудің баламалы әрі озық институты ретінде аралық соттарды құру және олардың іс-қызметін құқықтық реттеу қажеттігі туындауына байланысты». «Экономика саласындағы дау-дамайларды аралық соттың көмегімен реттеу мүмкіндігі соттардың қазіргі жұмысбастылық жағдайын аз да болса жеңілдетуге септігін тигізбек».
Сондай-ақ, мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге аралық соттардың іс-қызметіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бірінші оқылымда мақұлдады. Атап айтсақ, ҚР Қылмыстық-процессуалдық, Салық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстері мен «Сот сараптамасы туралы», «Сот үкімін орындатушылардың мәртебесі туралы» және «Істерді огрындауға алу туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі.