Е.Нигматулиннің айтуынша, отырыста 7 мәселе қаралады деп күтілуде. Атап айтсақ, Қоғамдастыққа мүше-елдердің мемлекеттік шекаралардағы құқықтық режим мен шекаралық ынтымақтастық мәселелерін реттейтін заңнамалық актілерді үйлестіру жөніндегі Парламентаралық Ассамблея нұсқаулары, сондай-ақ, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің шекараларындағы кедендік бақылауды жеңілдету жөніндегі нұсқаулар қаралады. Бұған қоса қаржылық-экономикалық қауіпсіздік туралы заңнамалық актінің жиынтық жобасын талқылау жоспарланған. Сондай-ақ, экологиялық қауіпсіздік саласындағы ұлттық заңнамаларды үйлестіру, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің экономикалық қауіпсіздік және агроөнеркәсіптік кешен қызметі саласындағы заңнамаларын салыстырмалы түрде құқықтық талдау мәселелері бойынша Парламентаралық Ассамблеяның нұсқауларын әзірлеу туралы талқыланады. Сонымен бірге Шанхай Ынтымақтастығы ұйымымен ықпалдастық жөніндегі келіссөздердің қазіргі ахуалы қаралады.