Әкімнің айтуынша, Алматыда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 450 доллардан жоғары болмайды. «Бұл күрделі әрі салмағы ауыр міндет, бірақ оны орындауға болады»,- деді әкім. В.Храпуновтың айтуынша, 2005-2007-жылдарда Қазақстанда салынуы тиіс 12 млн. шаршы метр тұрғын үйдің 2 млн. шаршы метрі Алматының үлесіне тиеді.
Соңғы 5-10 жылда өз иелігіндегі аумақтарды игеру жұмыстарын жүзеге асыруға кірісе алмаған Алматы қаласындағы жер қожайындарының учаскелері тендерге шығарылып, үйлер салынады. Бірақ жерді иемдену құқығы учаске қожайындарының иелігінде болады,- деді В.Храпунов.
Әкімнің айтуынша, жаппай құрылыс салынатын жерлерге инженерлік желілер Алматы қалалық әкімшілігінің есебінен тартылады. Бұл мақсатқа 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл жайт тұрғын үй құнының арзандауына септігін тигізуі тиіс.
Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Яков Заяцтың айтуынша, 2005-2007-жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы аясында 27-мамырдан бастап Алматы қаласын дамыту жөніндегі Бас жоспар жүзеге асырыла бастайды. Бұл жоспарға Алматы қаласының әкімі В.Храпунов 9-мамырда қол қойған. Жобаның мақсаты — халықтың әлеуметтік аз қорғалған бөлігіне арнап арзан үйлер салу болмақ. Биыл 360 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 24 процент артық. Оның 265 мың шаршы метрі көп пәтерлі үйлер болса, қалғаны — жеке меншік үйлер.
Қала әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, бағдарлама жүзеге асырылатын екі жылда Алматыда 2 млн. шаршы метр үй салынады. Нәтижесінде барлық қаржыландыру көздері бойынша 26 мың Алматылық отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. «Үй кезегінде тұрғандар мен әлеуметтік мұқтаж отбасыларға арнап мемлекет қаржысы есебінен 130 мың шаршы метр тұрғын үй салынады»,- деді Я.Заяц. Оның айтуынша, «коммерциялық қаржы есебінен 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй, ипотекалық несие беру тетігі есебінен 200 мың шаршы метр, мемлекеттік тұрғын үй құрылысына арналған жинақ ақша жүйесі есебінен 45 мың шаршы метр үй салынады. Бұл мақсаттарға қазірдің өзінде қала аумағынан 2 млн. шаршы метр жер бөлінді».
«Отан» партиясы төрағасының орынбасары, «Алматықұрылыс» компаниясының президенті Амангелді Ермегияевтың пайымдауынша, Алматыдағы тұрғын үйлер «ғимараттың жер сілкінісіне төзімділік қабілетін артыру есебінен 20-25 процентке, тұрғын үй құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық есебінен 10 процентке қымбаттап отыр». «Құрылыс материалдарының 50 проценті шетелдерден әкелінуде. Сол себепті осындай тауар түрлеріне кедендік баж салығын төмендету, Қосалқы құн салығын алмау, салық және кедендік тетіктердің көмегімен құрылыс индустриясының дамуына түрткі болу қажет»,- дейді ол.
Қаланың Бас жоспарын талқылау барысында қаланың бас сәулетшісі Сұлтан Баймағамбетов өз тарапынан «өзі басқаратын мекеме барлық қажетті құжаттарды заң шеңберінде рәсімдейтін, кез-келген уақытта жергілікті мамандарың көмегіне жүгінетін құрылысшыларға ешқандай тосқауыл қойылмайтынын, мамандар барлық мәселелер бойынша тегін ақыл-кеңес беретінін» мәлімдеді. «Біз инвесторларды әрқашан құрмет тұтамыз»,- деді ол.