Шымкентте есірткі таратумен айналысқан курьер 10 жылға сотталды деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
"Күдікті Telegram арнасы арқылы нұсқау алғанын мойындады. Одан кейін белгіленген орында синтетикалық есірткіні алып, дозаларға бөліп, жасырын орындарға қойған. Қызмет ақысын интернет арқылы белгісіз біреуден ақшалай алып отырған. Сондай-ақ тергеушілер курьер жасырып үлгерген екі орыннан 30 орама есірткі тапты. Кейін сараптама көрсеткендей, тәркіленген заттардың барлығы синтетикалық есірткі болып шықты. Тергеушілер жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. 2023 жылдың сәуір айында Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды. Жас жігіт алдағы 10 жылын темір торда өткізеді. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент полициясы есірткі заттарын өткізудің 20 жайтын анықтады, 16 есірткі курьері, ораушылар мен көтерме саудагерлер тергеліп жатыр", — делінген полиция таратқан ақпаратта.