Тергеу материалдарына сәйкес, өткен жылдың 29-желтоқсанында №44 орта мектепте оқитын 17 жастағы Нұржан Әлиев пен Болатбек Нысанбаев мектепте өткен жаңа жыл кештігінде бұрынғы кластастары Ербол Малдыбековты кездестіреді. Осы кездесу кезінде құрдастар арасында жаңжал шығып, олар 2004-жылдың 11-қаңтарында жеке кездесуге уағдаласады.
Қаладағы ықшамаудандардың біріндегі уағдалы жерге келген Ербол үш баланы көріп, қашып құтылуды ұйғарады. Оны өкшелей жүгірген Б.Нысанбаев баланы қуып жетіп, арқасынан бес жерден пышақ салады. Онымен ілесе жеткен Н.Әлиев Ерболдың ішінен 9 жерден пышақтап, соңынан бауыздап жіберген. Е.Малдыбеков жарақат салдарынан оқиға орнында мерт болды. Тәртіп сақшылары төрт күннен кейін күдіктілерді қолға түсірді.
1-мамырда Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Н.Әлиев пен Б.Нысанбаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. ҚР Қылмыстық істер Кодексіне сәйкес, бұл — кәмелеттік жасқа жетпеген кісі өлтіргіштерге қолданылатын ең ұзақ мерзімді жаза болмақ.