Оңтүстік Қазақстан облыстық соты есірткі тасымалымен айналысқан бұрынғы полиция қызметкеріне жүктелген жаза мерзімін ұзартты - kaz.caravan.kz
  • $ 522.42
  • 543.89
0 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оңтүстік Қазақстан облыстық соты есірткі тасымалымен айналысқан бұрынғы полиция қызметкеріне жүктелген жаза мерзімін ұзартты

Оңтүстік Қазақстан облыстық соты есірткі тасымалымен айналысқан бұрынғы полиция қызметкеріне жүктелген жаза мерзімін ұзартты

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қадағалау комиссиясы облыстық ІІББ жол полициясы басқармасының бұрынғы инспекторы Шавкат Эргешевке жүктелген жаза мерзімін ұзартты. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыстық соттан хабарлады.

  • 7 Маусым 2004
  • 487
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ш.Эргешевті ҰҚК-нің Қарағанды облыстық департаментінің қызметкерлері 2002-жылдың мамыр айында Теміртауға кіреберісте қолға түсірген болатын. Оның автокөлігіндегі жасырын қапшықтан ішінде жалпы салмағы 10 килоны құрайтын героин салынған 10 дорба табылды. Тұтқынның үйіндегі тінту кезінде дыбыс тұншықтырғышы бар ПБ-90 тапаншасы, ПМ тапаншасы, үш оқшантай, 9 мм-лік 95 оқ пен тұтандырғышы бар екі қол гранатасы табылған болатын. Сондай-ақ, «ІІМ ІІББ» деген жазуы бар мөр-таңба, 5733 АҚШ доллары, түрлі жүргізуші куәліктері мен әкімшілік құқық бұзушылық оқиғалары туралы хаттама бланктері табылып тәркіленген болатын.

Шымкент қалалық соты бұрынғы полиция қызметкерін ҚР Қылмыстық Кодексінің аса ірі көлемдегі заңсыз есірткі тасымалы жөніндегі 259-бабы, 2-тармағы бойынша 5 жылға, ал қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз сақтау жөніндегі 251-бабы, 1-тармағы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда, ҚР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы, 1-тармағында «жазаны қылмыстар жиынтығына қарай жүктеу» туралы көрсетілуіне сәйкес соттың ақырғы шешімімен оған бес жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуге жаза кесілді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуроры қылмыскерге жүктелген жазаның қылмыстың ауырлығына сай келмейтіні жөнінде облыстық сотқа наразылық білдірді.
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қадағалау комиссиясы прокурордың наразылығын мақұлдады. Сөйтіп, комиссияның шешімімен Ш.Эргешев 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Атап айтсақ, ҚР Қылмыстық Кодексінің «Есірткі немесе психотроптық заттарды сату, дайындау, өңдеу, тасымалдау немесе беріп жіберу мақсатымен заңсыз сатып алу немесе сақтау» жөніндегі 259-шы бабы, 2-тармағы бойынша 7 жылға, «Қару-жарақ, жарылғыш заттар мен жарылғыш қондырғыларды заңсыз сатып алу, сату, сақтау, жалғастыру, тасымалдау немесе алып жүру» жөніндегі 251-ші бабы, 1-тармағы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айрылды.