Біз әлі күнге дейін базалық діни білімді толық игере алмай жатырмыз - теолог маман - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Біз әлі күнге дейін базалық діни білімді толық игере алмай жатырмыз - теолог маман

Біз әлі күнге дейін базалық діни білімді толық игере алмай жатырмыз - теолог маман

-  Еліміздің діни ахуалына осы саланың маманы ретінде қандай баға бересіз?

Ел?

  • 13 Маусым 2023
  • 177
Фото - Caravan.kz

Кейінгі кездері діннің әлеуметтік желіде белсенді насихатталуы мен ислам дініне қайшы келетін қазақ дәстүрлері туралы ақпараттардың кеңінен тарауы қазақ қоғамын екіге бөлді. Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры Алмасбек Дүйсенбекұлы Шағырбаймен әңгімелесіп, еліміздегі діни ахуалдың жай-күйін білген еді.

—  Еліміздің діни ахуалына осы саланың маманы ретінде қандай баға бересіз?

Еліміздегі діни ахуал тұрақты деп айтуға толық негіз бар.  Десек те еліміздегі діни жағдай тұрақты деп қол қусырып отыруға болмайды.  Өңірлерде жүйелі түрде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын». Бұл тапсырма орындалуын кім қадағалайтыны да түсініксіз ?

Осындай тапсырмалары көп жағдайда өңірлерде орындалмайды. Мегаполис  қалаларда орындалады, бірақ оны да 100% деп айта алмаймыз. Өңірлерге барғанда халықтың бірінші көтеретін мәселесі жемқорлық және әлеуметтік мәселелер.

—  Қазақстанды толық діни қауіпсіз ел деп айта аламыз ба?

Қазақстанды толық діни қауіпсіз ел болу үшін барлық алғышарттар  жасалған. Бірақ Қазақстан 100%  діни қауіпсіз ел деп айту қиын. Себебі, бірнеше жыл алдын еліміздің түрлі өңірлерінде  терактілер орын алды.  Діни қауіпсіздік мәселесіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, құзырлы органдардың атқарып жатқан  жұмыстары тұрғысынан баға беретін болсақ, 100% қауіпсіз ел деп айтуға негіз бар.

—  Бүгінде қазақ қоғамы базалық діни білімді, құндылықтарды толық игере алды ма?

Біз әлі күнге дейін базалық діни білімді толық игере алмай жатырмыз. Халықтың көкейіндегі діни сұрақтарына анализ жасайтын болсақ, олардың барлығы  сол баяғы, 30 жыл бұрынғы «ананы істесе бола ма?», «мынаны істесе бола ма?», «қас жұлса бола ма?» секілді төмен дәрежедегі сұрақтар екенін байқаймыз. Осы сұрақтар арқылы халықтың діни базалық білімінің жоқ екенін көруге болады. Біз маман ретінде колледж, ЖОО студенттерімен кездескен кезде біз оларға сұрақ қоя отырып олардың базалық діни білімінің өте төмен екендігіне көз жеткіземіз. Себебі, олардың Ата-Аналарында да ол білім жоқ. Сондықтан олар сол білімді интернеттен, уағызшылардың уағызынан, шетелдік уағызшылардан, бір сөзбен айтқанда сырттан іздей бастайды. Бірақ әр жерден үзіп-үзіп тыңдау, басы жоқ, аяғы жоқ іліп алу толыққанды базалық білімнің деңгейін бере алмайды.  Жастарымыздың діни білімі болу керек. Әр адам өзіне және отбасындағы сұрақтарға жауап бере алатын деңгейде діни сауаты болуы тиіс.

— Қазір дін ұстаздары, имамдар әлеуметтік желіде өте белсенді. Бұған көзқарасыңыз қандай? Әлеуметтік желі арқылы діни сауатты арттыруға бола ма?

Әлеуметтік желі арқылы діни сауатты арттыру дегеніміз қате ұғым.  Себебі, ақпаратты қабылдап отырған адам оны біржақты ғана түсінуі мүмкін. Бірақ, әрнине жоқтан жақсы. Десек те халық дін саласындағы білімді әлеуметтік желіден емес, дін мамандарынан, ұстаздардан, имамдардан тікелей алғаны дұрыс екендігін алға тартамыз. Жалпы дін қызметкерлері мен ұстаздардың әлеуметтік желідегі белсенділіктерін толық құптаймын.  Бізде әлі күнге дейін толыққанды белсенді бола алмай жатыр. Десек те жоқ емес, белсенді мамандар, имамдар бар. Осындай кәсіби мамандар әлеуметтік желідегі паракшаларын белсенді жүргізбесе,  ит жоқ жерде доңыз үреді дегендей болайын деп тұр.  Қазір әнші, биші, блогерлердің барлығы дін мәселесін айтып кетті. Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген керемет  сөз бар. Әр салаға өзінің маманы жауап бергені дұрыс.

— Жалпы дін мен саясат қатар жүретін ұғым. Зайырлы Қазақстан саясатындағы діннің рөліне қандай баға берер едіңіз?

Зайырлы Қазақстандағы діннің рөліне дұрыс баға беремін. Зайырлы мемлекет дегенді көбі дұрыс түсінбей жатады. Зайырлы мемлекет деген ұғым атеизм немесе дінге қарсылық емес, әртүрлі сенімдегі адамдардың бір-бірін құрметтей отырып, бір шаңырақ астында өмір сүруі. Ол жерде мұсылман да бар, ол жерде христиан да бар, ол жерде буддист те бар. Бірақ, біз осы өз зайырлығымызды сақтай отырып, 13 ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам дінін, құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, тарихымызды, ақын-жырауларымызды, батырларымызды, ата-бабаларымыз көрсетіп кеткен жолды  ұмытпауымыз керек. Осындай ұлттық құндылықтарымыз жастарымызға үлгі болуы керек. Көп жағдайда жастар тарихи жағдайларды ескермей, шетелдік дүниелерге еліктеп жатады. Еліктеу, әрине дұрыс бірақ, өзіміздің дұрыс дүниелерге қарап еліктеуіміз керек.

— Дін-биліктің құралы деген сөз бар.
Бұл туралы не ойлайсыз? Расында дін саясаттың құралы ма?

Жалпы дін ешкімнің және ешнәрсенің құралы болмауы керек. Діннің функциясы адамдарды бірлікке, ізгілікке, жақсылыққа шақыру.  Дін – Құдай мен адамның арасындағы байланыс. Оны біз еш уақытта саясатқа, басқаға құрал етпеуіміз қажет.

—  Теріс ағымдағы діни ұйымдарға не себепті жастар үйір болады? Мұның психологиялық ерекшелік пен жастық максимализмнен басқа себебі бар ма?

Бірінші фактор – діни білімнің, діни сауаттылықтың жоқтығы, екінші фактор – әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік. Осының барлығын адамдар діннен іздейді. Соның нәтижесінде сондай «изм»-дерге тап болады. Сол жақтан әділеттілік іздеп, әділетті қоғамды сондай ұйымдармен құрамыз деген түсінік қалыптастырады.

— Бүгінде қоғамда  ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізге байланысты даулар көп. Сәлем салу, жеті нан пісіру, киелі орындарды аралау секілді дәстүр мен дін арасындағы сұрақтардың шешімі қандай? Жалпы қазақтың дінге қайшы келетін дәстүрлері бар ма?

Біздің жалпы салт-дәстүрлеріміз туралы айтсақ. Сәлем салу – үлкенге құрмет көрсету. Олардың бата-тілегін, дұғасын алу деген мағына. Сәлем салуда ешкім үлкендерге табынып, құлшылық жасап жатқан жоқ. Біз мұны дұрыс жағынан түсінуіміз керек. Бұл жерде дінге, исламның шарттарына, шариғатқа қайшы келетін дүние жоқ. Жеті нан пісіру де садақа берудің бір түрі. Садақаны біз әртүрлі проблемалардың алдын-алу үшін береміз. Ертеректе қазіргідей садақаны түрлі мобильді қосымшалар арқылы немесе ақшалай  беру мүмкіндігі болған жоқ. Сол үшін де 7 нан пісіріп, оны таратып адамдарға жақсылық жасағысы келген. Бұл жерде де, шариғатқа қайшы келетін дүние жоқ. Қасиетті орындарды аралау мәселесін де жоққа шығара алмаймыз. Ол жерлерге адамдар барады, дұға жасайды. Бұл жердегі ең бастысы жатқан адамдардан емес, сол қасиетті жерге барып, жаратушыдан сұрау мәселесі. Осы екі мәселенің ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Біздің  халық барған кезде жәрдемді кімнен сұрап жатыр? Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата секілді бабаларымыздың кесенесіне барған жұрттар сол жерлерді қасиетті, дұғамыз қабыл болады деп зиярат етіп, сол жердегі қайтыс болған адамдарға құран бағыштап қайтатын болса ешқандай дінге, исламға қарама-қайшылық жоқ. Ал,  егер барған адамдар сол жердегі қайтыс болған адамдардан жәрдем сұрайтын болса, шариғатымыз бойынша қате болып есептеледі. Қазақ 13 ғасыр бойы ислам дінін ұстанып келе жатыр. Исламға дейінгі наным-сенімдердің отқа май құю секілді элеметтері бізде әлі күнге дейін қалған. Бірақ бүгінгі таңда халық арасында ондай көріністерді біз жиі байқамаймыз. Бірақ, кейбір түсініктер исламмен бірге халық арасына сіңісіп кеткен. Осы тұста тағы бір дүниені айтып өткім келеді. Бізде қызыл жіп деген түсінік бар. Қателеспесем, 10 жыл алдын қызыл жіпті машина алған кезде көз тимесін деп машинаға байлап қоятынбыз. Енді осы қызыл жіптің тарихына тоқталсақ. Біздің ата-бабаларымыз жұқпалы аурулар кезінде киіз үйдің сыртына үлкен қызыл мата байлап қоятын болған. Бұл мата адамдарға «үйге кірмеңдер, жұқпалы ауру бар» деген белгі болған. Уақыт өте келе біз қызыл жіптің көз өтпейтін, көзді қайтаратын функциясы бар деп машиналарға байладық. Бүгінгі таңда Мамасита деген отандасымыз қасиетті жерлерге барған, сізді жаман энергиядан тазартады, жолыңызды ашады деп қызыл жіп сатты. Оны көптеген адамдар сатып алды. Бұл жерден қызыл жіпті ата-бабаларымыз кезінде қалай қолданғанын, уақыт өте ол қандай трансформацияға ұшырағанын көруге болады. Халқымыз қызыл жіптің бастапқы функциясын ұмытып кетті. Жіп, ол жіп, ол ешнәрседен қорғамайды, сақтамайды. Бірақ, көп адамдардың діни білімінің жоқтығын өзге адамдар пайдаланып, бизнес жасап жатыр.

— «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның» осы саладағы мәселелерді реттеуге қауқары жете ме? Қандай өзгерістер керек?

Қазір осы заң аясында жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, маман ретінде біз алдыңғы үкіметке осы заңға 50-ге жуық өзгертулер мен толықтыруларды ұсынған болатынбыз. Бірақ, өкінішке орай ол парламенттен кері қайтты. Ұсыныстармыздың кері қайтқан себептері бізге белгісіз. Бүгінгі таңда бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, көп дүниелерді біз қайтадан қарауымыз қажет.