Хабарламада атап көрсетілгеніндей, Өзбекстан Республикасының елшісі 1-маусым күні Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекарада болған оқыс оқиғаның тексерілу барысы туралы талқылау үшін ҚР СІМ-не шақырылған.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 27 жастағы Н.Поданов 1-маусымда Өзбекстанның «Майский» шекаралық бекетінде шекарашы атқан оқтан қаза тапты. Ол қалыңдығының екі туысымен бірге такси жалдап Ташкентте тұратын қалыңдығының үйіне бет түзеген. Қазақстандық шекара бекетін ешбір қиындықсыз артқа тастаған оларды Өзбекстан аумағында үш шекарашы тоқтатып, автокөлікті екі жаққа бірдей босатпай қойған. Кідіртілу себептерін анықтамақшы болған Н.Подановқа қаратып шекарашылардың бірі автоматтан үш оқ атқан. Оқиға орнына адамдар жинала бастағанда шекарашылар іздерін жасырып үлгереді. Қол-аяғынан жараланған Н.Поданов Қазығұрт ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қансырап қайтыс болады.
Оңтүстік Қазақстан облыстық халықаралық қарым-қатынас жөніндегі прокурорының аға көмекшісі Ақынбек Бекториевтің мәліметіне жүгінсек, еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан бері бұл Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында Өзбекстан күш құрылымдары тарапынан қару қолдануға қатысты 18-ші төтенше оқиға. Осы мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысының 4 тұрғыны өзбек шекарашылары атқан оқтан қаза тапты.